Басты бетЖаңалықтарКөрнекті лингвист...

Көрнекті лингвист Әбдуәли Қайдар өмірден өтті

Көрнекті филолог, түркітанушы, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Әбдуәли Қайдар 94 жасында өмірден өтті. Бұл туралы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми хатшысы Мейрамбек Таубалдиев Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Қаралы хабар! Ана тілінің абызы, академик Қайдар Әбдуәли Туғанбайұлы өмірден озды. Отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. БАҚҰЛ БОЛЫҢЫЗ, ана тілінің маршалы! — деп жазды Мейрамбек Таубалдиев.

Әбдуәли Қайдар 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері. Тіл білімі институтының мәліметінше, соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген, 1951 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасына қабылданып, оны 1954 жылы ұйғыр тілі мамандығы бойынша тәмамдады.

Әбдуәли Қайдар — қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (1983), Түркияның Türk Dil Kurumu лингвистикалық қоғамының құрметті мүшесі (1989), Башқұртстан ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (1991), ҚР Президенті жанындағы Ішкі саясат комитетінің мүшесі (1995), «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының құрметті президенті (2004), Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Ғалым 1954-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының тіл бөлімі иниститутында ұйғыр-дүнген мәдениеті секторында кіші ғылыми-қызметкер, Шығыстану иниститутында аға ғылыми-қызметкер, 1961-1963 жылдары ұйғыр филологиясы бөлімінің меңгерушісі, 1967-1978 жылдары институт директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары, 1978-1995 жылдары институт директоры қызметтерін атқарды. 500-ге жуық зерттеу еңбек пен 60-тан астам оқулық-кітаптың авторы. Бұл еңбектер тіл білімінің көп саласын қамтиды.

Академик Әбдуәли Қайдар — қазақ этнолингвистикасының негізін салушы ғалым. Этностың инсандық болмысы мен дүнияуи табиғатын, оның даму заңдылықтарын тіл феномені арқылы танып-білудің ғажайып мүмкіндіктері, яғни этностаным мен тілтаным арасынан туындаған лингвистиканың жаңа да дербес саласының бағыт-бағдарын, мақсат-мүддесін айқындау ғылыми тұжырымдамасын негіздеу — ғалымның осы саладағы соңғы кездегі зерттеулерінің негізгі арқауы, — дейді Тіл білімі институтының ғылыми хатшысы.

Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін Әбдуәли Қайдар ІІІ дәрежелі «Даңқ» (1944), І дәрежелі және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» (1944), екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» (1945) ордендерімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Москваны қорғағаны үшін», тағы басқа медальдармен марапатталған.