Мектептегі өрт кезінде мұғалімдер қалай әрекет етуі керек?

Мектепте өрт шыға қалған жағдайда не істеу керек екенін әр мұғалім, әр оқушы білгені абзал. Жаңа оқу жылы қарсаңында біз ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті мамандарының осы жөніндегі кеңесін назарларыңызға ұсынамыз.

Иллюстрация: Dribbble.com ©Matt Potter

Білім мекемесінде өрт бола қалған жағдайда:

  • Ең әуелі сабыр сақтау керек.
  • Мұрын мен ауызды сулы матамен тұмшалап, жалын мен түтін жылдам таралмауы үшін есік пен терезені жабу қажет. Көп мөлшерде су болса, кабинеттің есігі мен еденге шашқан дұрыс.
  • Өрт дабылы жарияланған кезде оқушылар өз парталарының жанына тұрып, мұғалімнің нұсқауымен кабинеттен біртіндеп шығуы керек. Соңғы шыққан баладан кейін мұғалім кабинеттің есігін мықтап жабады.
  • Әр класс оқушылары әбігерге түспеуі үшін бірқалыпты адыммен өз қатарында жүруі қажет. Мұғалім класс журналымен оқушылардың соңынан жүреді. Ол дәлізде немесе баспалдақпен жүрген кезде балалардан озып жүгіруіне болмайды.
  • Әр мектепке жақын маңда жер сілкінісі, өрт сияқты төтенше оқиға кезінде адамдар жиналатын орын алдын ала белгіленуі керек. Өрт кезінде мұғалімдер балаларды сол жерге шығарғаны дұрыс.
  • Жиналатын жерге келгенде мұғалім оқушыларды түгелдеп, оқушылардың санын бірден мектеп директорына хабарлауы қажет.
  • Қызметкерлер ғимаратта қалып қойған балаларды іздестіруге кешікпей кірісуі керек. Өрттің ошағына жақындамай, балалар тығылып қалуы мүмкін басқа орындарды да қарау қажет.
  • Өрт сөндірушілер келгенде мектеп директоры немесе оның орынбасарлары дереу іште қалған адамның саны мен олардың болуы мүмкін орындарын хабарлауы керек.
  • Жедел жәрдем келгенге дейін түтіннен немесе жалыннан зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек берілуі қажет.
  • Өрт cөндірушілер рұқсат бермейінше киім, кітап, құжат, тағы да басқа бағалы заттарды алу үшін жанып жатқан ғимаратқа оралуға болмайды!

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version