Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро 11 қыркүйек күні Алматы облысында іздеу шараларын ұйымдастырып, нәтижесінде халықаралық іздеуде жүрген Бекболат Қайырбаевты ұстады. Ол «Қорғас ісіне» қатысы бар деп айыпталған еді. Ол ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы Т. Қайырбаевтың туған бауыры.
Ұлттық бюроның мәліметінше, Бекболат Қайырбаев құқық қорғау органдарындағы жоғары шенділерді сатып алу туралы қылмыстық жоспарды жүзеге асырушылардың бірі болған. Бұл жоспар ұйымдасқан қылмыстық топты ақтап алу үшін жасалған.
Бауырының тапсырмасымен, Қайырбаев М.Зиманов, У. Әубәкіров, Құсманов пен Р. Юсуповтың тілін тауып, оларға Т.Қайырбаевты қылмыстық жауапкершіліктен босатулары үшін 3,2 млн доллар пара берген.
Бекболат Қайырбаев 2012 жылдың наурыз айынан бері халықаралық іздеуде болатын. Қазір Талдықорған қаласындағы уақытша ұстау орталығында.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюроның айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық мүшелері ұсталған.