Қазақстанда ұлттық аспаптар музыкасына арналған тұңғыш телеарна ашылды. Dombyra телеарнасы Zhuldyz TV музыкалық арнасының жанынан ашылып отыр. Қазірдің өзінде Қазақстанның кабельдік желілерінде, IDТV, YouTube желілері арқылы таратылып жатыр.

Жаңа телеарнаның басшысы Қанат Ержігітовтің айтуынша, бұл — ұлттық музыкалық аспаптарды, дәстүрлі әндер мен күйлерді насихаттайтын жаңа форматтағы ақпарат құралы. Оның эфирінде ұлттық академиялық музыканың бұрынғы және қазіргі өкілдерінің үздік шығармалары көрсетіледі. Телеарна 100% қазақ тілінде ақпарат таратады.

Отандық медиада бұрын-соңды мұндай контентке арналған жеке ақпарат құралы болған жоқ. Dombyra сол бос кеңістіктің орнын толтырады.

Рамазан Стамғазиев
Рамазан Стамғазиев. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Тәуелсіздік алғалы бері ұлттық музыка мен осы саладағы көп дүние кенжелеп қалды. Өйткені Үкімет тарапынан идеология дұрыс жолға қойылған жоқ. Qazaqstan, «Хабар», «Алматы» сияқты телеарналарда ұлттық музыкаға байланысты кішігірім бағдарламалар бар, қалғаны — саясат, шоу. Қазіргі балалардан халық әндерін, қобыз, домбырамен орындалған шығармаларды сұрасаң, білмейді. Қазақстанда ұлттық музыка бойынша қаншама байқаулар мен жаңалық болып жатыр. Бірақ оның көбі халыққа жетпей жатыр. Халықаралық деңгейге шығып жүрген қаншама жастар бар. Солардың бәрі дәріптелуі керек, жұрт білуі керек, — деді әнші, ҚР еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев.

Dombyra телеарнасының ашылуына арналған баспасөз мәслихатына Рамазан Стамғазиев, Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева, Мұқасан Шахзадаев сияқты өнер қайраткерлері қатысты. Олар телеарна контентінің қандай болуы керек екені жөнінде пікір білдірді.

«Дәстүрлі ән», «дәстүрлі күй» дегенге жаным қас. Қазір жұрт дәстүр десе, үрке қарайды. Неге классикалық ән, академиялық күй демеске? Қаншама ғасырдан осы күнге дейін жеткен ән мен күй классика емес пе? Қазір көретін де, тыңдайтын да ештеңе қалмай бара жатыр. Жылт еткен дүниенің барлығын эфирге шығаруды тыю керек. Өйткені домбыраны алып, шерткеннің барлығы күйші емес. Күнделікті тыңдайтынымыз — «Шалқар» радиосы. Ауылдан қалаға дейін осы радионы тыңдайды. Өйткені онда тартымды дүние бар. Сол сияқты Dombyra телеарнасы  да жылт еткеннің барлығын эфирге шығарудан аулақ болуы керек. Сапаға мән беруі керек, — деді күйші, домбырашы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Секен Тұрысбек.

Еске сала кетейік, Қазақстанда шілденің бірінші жексенбісі — домбыраның ұлттық күні. Бұл күн ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мақсатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен бекітілді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!