Алматы әкімі Бауыржан Байбек көпбалалы аналармен кездесті, олардың барлық мәселесі мен ұсынысын тыңдап, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету үшін қалалық деңгейде атқарылатын әлеуметтік шараларды кеңінен түсіндірді.
Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған дейін мұндай кездесулер барлық аудандық әкімдікте өтті, нәтижесінде айтылған барлық ұсыныс жинақталып, сараланды. Қазір көпбалалы аналарды жәрдемақы мөлшерін арттыру, тұрғын үй мен тұрмыс жағдайын жақсарту, еңбекпен қамту, балаларды балабақшаға орналастыру және басқа да мәселелер алаңдатып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкіметтік топ жұмыс істеп жатыр, кездесулерде айтылған барлық ұсыныс сараланады және есепке алынады. Бұлардан басқа, біз қалалық деңгейде көпбалалы аналарға қолдау көрсетудің нақты механизмі жинақталған пәрменді шараларды «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс конференциясында ашып айттық. Мысалы, кәмелетке толмаған 4 және одан да көп баласы бар тұрмысы төмен отбасыларға тұрғын үй алудың алғашқы жарнасын субсидиялау мүмкіндігі қарастырылады, — деді Бауыржан Байбек.
Тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетудің кешенді шаралары бойынша мүгедек баланы үйде оқытуға кететін шығынның орнын толтыру үшін берілетін атаулы көмек пен қиын өмірлік жағдай туындаған кезде бір рет көрсетілетін әлеуметтік көмек көлемін арттыру жоспарланғанын атап өтуге болады.
Бауыржан Байбек бұған дейін тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың екінші баласынан бастап балабақша шығынына өтемақы төлеуді қарастыруды тапсырған еді. Көпбалалы отбасылардың коммунал қызметке, сумен қамтуға қатысты ыстық және суық су есептегіш қондырғыларын орнатуға кеткен шығындарына жұмсалатын атаулы көмек көлемі де назарға алынып отыр.
Көпбалалы отбасылардың заңнамалық және психологиялық кеңестерге зәру екені ескеріліп, таяуда «Бақытты отбасы» қалалық жобасы іске асады және осы аттас көпбалалы аналар орталығы құрылады. Бұл бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейтін сервистік орталық болады және мұнда көпбалалы аналар жұмысқа тартылады.
Алматы әкімдігі тұрмысы төмен отбасылар үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұлғайту және стипендия берілетін тегін қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру мұмкіндігін қарастырып отыр.