Нөлінші сыныпқа арналған бірыңғай оқу бағдарламасы қандай болады?

ҚР Білім және ғылым министрлігі нөлінші сыныпты енгізудің мақсаты туралы хабарлады.

Мақсат — балаларды 1-сыныпқа бірыңғай бағдарлама бойынша дайындау. Нақты айтқанда, оқу бағдарламасының бір бөлігін (цифрлар, әліппе) бірінші сыныптан нөлінші сынып аталатын мектепалды бағдарламаға ауыстыру және бірыңғай оқулықтарды енгізу, — деп хабарлады БҒМ өкілдері.

Бірыңғай мектепалды оқу бағдарламасы 2020 жылдың қыркүйегінен бастап енгізіледі.

Нөлінші сынып бүгінде — балабақшадағы даярлық тобы. Өз  ғимаратында нөлінші сыныпты ұйымдастыруға мүмкіндігі болса, онда бұған мектептердің құқығы бар. Балабақшаларда да нөлінші сыныпты енгізу құқығы қала береді. Осылайша 2020 жылы еліміз бойынша барлық балабақша мен мектепте нөлінші сынып ашылады, — делінген министрліктің хабарламасында.

Білім беру туралы қолданыстағы заңнамада балаларды бірінші сыныпқа 6 жастан бастап апаруға міндеттейтін норма бар. Енді бұл норма өзгертіледі.

2019 жылы былтырғыдай 1 қыркүйекке қарай 6 жасқа толатын бала бірінші сыныпқа бара алады. 1 қыркүйекке қарай 6 жасқа толмаған балаларды 1-сыныпқа апаруды немесе балабақшада қалдыруды ата-ана шешеді. 7 жастағы балалар да бірінші сыныпқа қабылдана береді. Бірақ мектепалды даярлықтан балабақшада өткен бала оны қайтадан оқи алмайтынын, олар мектепке баруы тиіс екенін ескеру керек, — дейді ведомство мамандары.

ДереккөзTengrinews.kz