Шоқпар — қол қаруы. Оны түркі халықтары ерте заманнан бері қолданып келеді. Ол сойылдан қысқа, бас жағы жұмыр болады. Шоқпардың басын кейде темірмен қаптап, арнайы теседі. Осы тесікке қорғасын құйып та жасайды.
Шоқпар қол қаруы болғандықтан, оны көбіне ат үстінде тұрып сілтейді. Қолдан шығып кетпеуі үшін сабын терімен қаптап, соңына бүлдіргі (бүлдіргі — қайыс таспаны сапқа байлаған шығыршық бау) байлаған. Қазақтар бұл қаруды өткен ғасырдың басында да ұстаған. Оны көбіне жылқышылар барымташыларға қарсы қолданатын.
Мифологияда шоқпар алып күш иелері саналатын диюлар мен жындардың да қаруы деп сипатталады.
Шоқпар жасалуына қарай қарашоқпар, гүрзі, дойыр, босмойын шоқпар деп бөлінеді.
Қарашоқпар — шоқпардың қарапайым түрі. Оны жасау үшін ырғай, тобылғы, қайың, үйеңкі сияқты қатты ағашты түбімен қоса қазып алады. Бас жағын жұмырлап, тамырларын келте етіп кеседі. Шоқпар жарылып, шытынап кетпес үшін ірі қара малдың бас терісімен қаптап, салмағын да, сапасын да арттырған. Қазақ халқы шоқпарды тек жорықта емес, аңшылықта да кеңінен қолданған. Аңшылыққа байланысты сапты шоқпар, жең ішінде жүретін жеңшоқпар деген түрлері болды. Басын жуандау, сабын ұзын етіп жасаған шоқпардың бұл түрлері аңды қуып жетіп, ұрып түсіруге ыңғайлы болды.
Гүрзі (күрзі) — ерте кезде қолданылған шоқпардың ауыр түрі. «Гүрзі» сөзі парсы тілінен енген. Басы шойын мен қорғасыннан құйылып, сырты болатпен қапталады. Сырт көрінісі шар немесе алмұрт тәрізді болады. Гүрзінің басы ауыр болған соң сынып кетпес үшін оның сабы металдан немесе қатты ағаштан жасалып, сырты қосымша металмен не өгіз терісімен қапталатын.
Дойыр — жуан өрімді қамшы тәрізді қару. Жуан өрілгені болмаса, қамшыға мүлдем ұқсамайды. Ол 16-18 таспадан тұрады. Төрт немесе алты қырлы болып, кейде жұмыр күйі келеді. Жұмыр дойырдың жуандығы адамның білегімен өлшенген. Дойыр өгіздің иленген жон терісінен өріледі. Әдетте ырғай немесе тобылғыдан, кейде қошқар мен теке мүйізінен, тіпті қарақұйрық пен елік сирағынан сапталады.
Балуан Шолақ дойыр қамшысымен қашқан қасқырды қуып жетіп, жон арқадан тартқанда қасқырдың қабырғаларының көбесі, омыртқалары сөгіліп кеткен екен. Қашаған жылқылардың қандайы болса да, қабырғасын қуалай тартып өткенде етпетінен түсетін көрінеді, — деп жазған еді Сәбит Мұқанов.
Босмойын шоқпар. Оны кейде сақетер деп те атаған. Сақетер — шоқпардың басына байланысты айтылған сөз. Шоқпардың бұл түрі ағаш сапқа қайыспен байланған тас, метал, ағаш түбірі сияқты қаттыдан жасалды.
«Сақетер тиді саныма,
Сақсырым толды қаныма.
Жара бір қатты, жан тәтті,
Жара аузына қан қатты», — деп толғаған Доспамбет жырау.