Бас прокуратура аса ірі көлемде алаяқтық жасаған бірнеше қылмыстық топты ұстады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған тұлғалар Bank RBK АҚ мен «Қазкоммерцбанк» АҚ-дағы қаржы жымқыру деректері туралы қылмыстық істер бойынша Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметі жауапқа тартқан күдіктілер мен куәгерлерді қылмыстық жауапкершіліктен босатамыз деп алдап, олардан қаражат бопсалаған, — делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, 16 ақпан күні 315 мың доллар алып жатқан жерінде Алматы адвокаттар алқасының адвокаты Әлімбетов пен азаматша Аманғалиева қолға түсті.
Мұның алдында қаңтар айында 1 миллион доллар көлемінде пара талап етіп, оның 500 мыңын пара алып жатқан жерінде Алматы мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметінің қызметкері Ысқақов пен Әлпиев, Сүлейманов деген жұмыссыздардың ұсталғаны хабарланған еді. Олар жасаған әрекетін мойындаған.
Бас прокуратура парақорлыққа куә болған жағдайда ведомствоның ішкі тергеулер департаментінің 8 (7172)71-22-55, +7 701 770 88 99 нөмірлеріне құпия хабарласуға болатынын мәлімдейді.