Басты бетТанымСақпан деген қандай қару?

Сақпан деген қандай қару?

Сақпан — тұрмыста және көне заманда тас ату үшін қолданылған қол қаруы. Сақпанды түркі халықтары жаугершілік заманда және аң аулау үшін, күзетке тұрғанда және мал қайыруғанда қолданған.

Сақпанды сақа жылқының (11-12 жастағы ат) құйрық қылынан есіп жасаған. Кейде жүннен есіп немесе таспадан өрген. Сақпанның теріден жасалған алақаны болады. Сол алақанның екі жағына ұзын етіп бау байланады. Баудың ұзындығы шамамен 1 метр болуы керек.

Тері алақанға тас салып, жіптің бір ұшын ағытқанда тас алысқа ұшады. Жаугершілік заманда сақпан ұстайтындарды «сақпаншылар» деп атаған. Нағыз сақпаншылар лақтырған тас нысанаға дәл тиген. Оның екпіні адамды да аттан аударып түсіреді.

Сақпан, қару-жарақ
Фото: Zen.yandex.ru

Қазақта бұл қарудың «сапты сақпан» және «түймен сақпан» деген түрлері белгілі.

Сапты сақпанда екі жіптің бірінің орнына ағаш сап байланады. Бұл жаугершілік кезде тас атуға ыңғайлы қару болды. Ал түймен сақпанда екінші жағы білекке байланады.

Қазір сақпанды егін және мал шаруашылығымен айналысатын адамдар болмаса, көпшілік қолдана бермейді. Түркістан облысы мен Қызылорда облысының шекаралас жатқан аудандарында піскен тарыны құстардан қорғау үшін кейбір диқандар сақпанды әлі де қолданады. Пісіп, оруға дайын тұрған тарыға әсіресе, торғайлар өш келеді. Сақпанмен тас атқан балалардан торғайлар қорқады. Сондықтан құстар сақпанмен күзетілген егінге жоламайды.

Сақпан қаруын ежелгі Грекия, Мысыр, Рим, Орталық Азия елдерінің жауынгерлері де соғыс қаруы ретінде қолданған.

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР