90-жылдары бірге жұмыс істеген ескі достар 20 жылдан кейін туған күнде бас қосады. Туған күнге Жаңабай есімді адам келіп, өзін асабамын деп таныстырады. Жаңабай ескі достардың ортасында отырғанда үй иесі өзін-өзі өлтіреді. Әрі қарай оқиға қалай өрбиді? Бір кездері бірге қылмыс жасаған достар енді қайтеді? Бұл — детектив және психологиялық триллер жанрларында түсірілген драма «Асаба досьесінің» сюжет желісі.

Фильмнің режиссеры әрі сценарисі — Бейбарыс Жұманиязов. Фильмнің бастапқы атауы «Сарабанда» болған. Сарабанда — тарихтағы ең сезімтал әрі қайғылы, кек алу биі. Режиссер туынды арқылы кез келген қылмыс түптің түбінде ашылатынын көрсетеді.

Бейбарыс Жұманиязов көптеген фильм мен сериалдың сценарисі. «Асаба досьесі» — оның режиссер ретіндегі алғашқы фильмі. Автордың мұндай сценарий жазуына жаңалықтардан оқыған оқиға түрткі болған. Ол бұл туралы фильмнің көрсетілімінде айтты.

Былтыр комедия жанрындағы фильмге ұсыныс түсті. Сол кезде алғаш рет комедия жанрында жаздым, бірақ бұл жоба жабылып қалды. Ал мен фильмге сценарий жазуды тоқтатқым келмеді. Содан өзімнің фильміме сценарий жазуды ойладым. Комедия онсыз да көп, мен өзімді драма жанрында сынап көргім келді. Әуелі қысқаша оқиға ретінде құрастырып қойдым да, ұмытып кеттім. Бір күні жаңалықтардан өзінің туған күнінде қайтыс болған адам туралы оқыдым. Бұл оқиға мен құрастырған сюжетке ұқсап кетті. Сол сәт дәл қазір сіздер көрген фильмнің дүниеге келуіне түрткі болды, — деді Бейбарыс Жұманиязов.

Рольдерде қазақ фильмографиясының алтын құрамы, 90-жылдары «Тоғысқан тағдырлар» телесериалы арқылы танылған — Әділ Есенболатов, Венера Нығматулина, Азат Сейітметов, Ғани Құлжанов, Дархан Дайырбектер, сонымен бірге Мәдина Оспан мен Сәуле Рахметова ойнайды.

Рольдерде ойнаған актерлар — өз ісінің шеберлері. Әрине, олармен бірге жұмыс істеген өте күшті. Бұл фильм режиссер ретіндегі алғашқы жұмысым болғандықтан актерлар маған көп көмектесті. Түсірілім кезінде аздаған проблема болды. Бірақ мұндай ұсақ-түйек жұмысқа толық берілуімізге кедергі болған жоқ. Бір қуанғаным — ауа райының дәл фильмнің көңіл-күйіне сай бола қалғаны. Бізге күннің шығып тұрғаны да, қатты жаңбыр мен жел де қажет еді. Бағымызға орай бәрі қалағанымыздай болды, — деді дебютант режиссер.

Картина ақпарат құралдары өкілдеріне жабық көрсетілген кезде көрермен тарапынан фильм атауының сюжетке аса сай келмей тұрғаны туралы пікір айтылды. Режиссер мұндай пікірді жауапсыз қалдырмады.

Мен үшін фильмнің бас кейіпкері — асаба. Ол достардың отырысына бекер келген жоқ, адамдарды жазалау үшін келді. Сондықтан фильмді «Асаба досьесі» деп атадық. Алғашында фильмнің атауын «Сарабанда» деп қойғым келді. Бірақ бұл композитор Георг Гендельдің шығармасы болғандықтан алмадық, — деді режиссер.

Бейбарыс Жұманиязов «Асаба досьесі» арқылы көрерменге белгілі бір ойды айтқысы келмегенін және фильмнің нақты бір аудиторияға арналмағанын айтады. Сонымен фильмді кімдер көруі керек?

  • Бұл фильм психологиялық триллер жанрын ұнататын көрерменге ұнайды. Себебі дәл осы жанрдағы қазақстандық фильмдер көп емес.
  • Жастық шағы 90-жылдарда өткен адамдар «Асаба досьесі» фильмінен сол кезеңді, өздеріне таныс оқиғаларды көруі әбден мүмкін. Фильм орта жастағы көрерменге арналған.
  • Бала кезіңізде «Тоғысқан тағдырлар» телесериалын үзбей көріп, сол сериалмен өстіңіз бе? Сізді «Сол кездегі актерлар қазір қайда?» деген сұрақ мазаласа, онда «Асаба досьесін» міндетті түрде көріңіз. Фильмде «Тоғысқан тағдырлардың» жарық жұлдыздары жиналған.

«Асаба досьесі» фильмін 21 ақпаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрынан көре аласыз.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!