«7-20-25» қатысушылары енді «Нұрлы жер» бойынша да баспана ала алады

«7-20-25» бағдарламасына қатысушылар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы «Баспана» ипотекалық ұйымы хабарлайды.

Бұған дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйлер әкімдіктерде кезекте тұрғандар мен Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары арасында бөлініп келген еді.

Мемлекеттік тұрғын үйдің бағалары нарыққа қарағанда арзан әрі өңірлерде көптеп салынады. Бір шаршы метрінің бағасы Астана, Алматы (қала маңындағы аймақтарды қоса алғанда), Атырау және Ақтауда 180 мың теңге, басқа өңірлерде 140 мың теңгені құрайды. Мысалы, Астанада көлемі 60 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі пәтерді 10,8 миллион теңгеге алуға болады. Оны 25 жылға алғанда ай сайынғы төлем 61 мың теңгеден аспайды, — деп хабарлайды «Баспана» ипотекалық ұйымының баспасөз қызметі.

«7-20-25» арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасының үйлерін алу айтарлықтай жеңіл. Оның бір себебі, әкімдікке кезекке тұру немесе ай сайын депозитке ақша жинаудың еш қажеті жоқ. Пәтерді таңдап, «7-20-25» бағдарламасына қатысушы банкке тұрғын үй құнының 20 пайызын алғашқы жарна ретінде салса жеткілікті.

«Нұрлы жер» бағдарламасының индикаторларына сәйкес биыл 20 мыңға жуық пәтер салу жоспарланып отыр. Ең көп пәтер Алматыда (3170), Шымкентте (1981), Астанада (1873) және Қостанай облысында (1794) беріледі.