Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2018 жылы атқарылған жұмыстары бойынша есеп беру кездесуінде көпбалалы аналарға жасалатын жағдайлар туралы айтты.
Елбасының тапсырмасына сәйкес қазір әлеуметтік салаға үлкен көңіл бөлініп жатыр. Оның ішінде көпбалалы аналардың мәселесі бізді қатты алаңдатады. Жалпы, еліміздегі көпбалалы аналардың басым бөлігі оңтүстік өңірінде тұрады. Әрбір көпбалалы ана – батыр ана. Өйткені еліміздің ертеңгі болашағы – қазіргі балалар. Сондықтан барлық көпбалалы анаға өзімнің алғысымды айтамын, — деді Ғабидолла Әбдірахымов.
Шымкентте 31 мың көпбалалы ана бар. Оның 2 220-сы «Алтын алқа», 6 056-сы «Күміс алқа», 511-і «Батыр ана» және 796-сы I және II дәрежелі орденмен наградталған.
Әкімнің айтуынша, өкінішке қарай, қаладағы 3 200 көпбалалы ананың тұрмысы нашар, яғни табыстары күнкөріс деңгейінен төмен екен.
Осыған байланысты біз мына жобаларды жүзеге асырамыз: Бірінші – көпбалалы аналар орталығын ашамыз. Екінші – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері ай сайын алатын жәрдемақыға көлікте жүру жолақысы есептелген болса да, осы жылдың 1 наурызынан бастап қоғамдық көлікте тегін жүреді. Үшінші – табыстары күнкөріс деңгейінен төмен көпбалалы отбасыларға жылына бір рет берілетін әлеуметтік көмек деңгейін 25 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көбейтеміз, — деді Ғабидолла Әбдірахымов.