Шәкен Айманов — режиссер, театр және кино актеры, сценарист, КСРО халық артисі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ол 1914 жылы 15 ақпанда Баянауылда дүниеге келген. Шәкен (Шахкерім) Айманов бала күнінен жездесі әнші Қали Байжановтың әндерін тыңдап өскен. Болашақ режиссер ауыл мектебін бітіргеннен кейін Семейдегі педагогикалық техникумда оқиды.

1933 жылы Шәкен Айманов жазушы Ғабит Мүсіреповтің шақыртуымен М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының труппасына қабылданады. Ол театрға өмірінің 20 жылын арнады, жас актер болып келіп, бас режиссер мен көркемдік жетекшіге дейін өсті.

Ол театр сахнасында Ақан сері, Қобыланды, Қодар, Керім, Алдар Көсе, Исатай, әлем драматургиясынан Кассио, Уәлиханұлы, Тихон, Сатин, Шадрин, Кидд, Бетт, Хлестаков, Кривенко, Гельпак рольдерін сомдады.

Осылардың ішінде Отелло — Шәкен Аймановтың ең жарқын ролі. Англияда өткен Шекспирдің 400 жылдық мерейтойына орай ол сахнада Отелло монологын оқыды. Осы кезде ағылшын сахнасында Шекспирдің шығармасы алғаш рет қазақ тілінде шылқалды. 1952 жылы «Абай» спектаклін қойғаны үшін оған КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Шәкен Айманов 1953 жылы кино саласына бет бұрады.

Мен театрды жақсы көремін, бірақ театрдың аудиториясы кинонікі сияқты кең емес. Спектакль бірнеше театрда қойылуы мүмкін, ал киноны мыңдаған көрермен тамашалай алады, — дейді режиссер.

Шәкен Айманов «Алдар көсе» фильмінде режиссер, сценарист әрі актер ретінде көрінді. «Біздің сүйікті дәрігер» картинасы оған бүкілодақтық даңқ алып келді. Ал «Тақиялы періште» фильміне алғаш рет камео элементін қолданды. Фильмнің сценарийі өмірден алынған. Режиссердың туысы Айнагүл апа өзінің кенже ұлын үйлендіргісі келіп, келін іздеген. Сонымен қатар режиссердың «Атаманның ақыры», «Біз осында тұрамыз», «Атамекен», «Жол түйісі», «Абай әндері», «Бір ауданда», «Махаббат туралы дастан», «Дала қызы» фильмдері — көрерменнің жүрегінде қалған туындылар.

Шәкен Айманов актер ретінде әуелі кейіпкерінің жан дүниесін ашып, соған лайық әрекет етуімен ерекшеленсе, режиссер ретінде шығармаға көркемдік мазмұн дарытуға, ұлттық ерекшеліктерінің бояуын қанық етуге мән берді.

Режиссер 1970 жылы 23 желтоқсанда Мәскеуде жол апатынан қайтыс болды. Шәкен Айманов Алматыдағы орталық зиратта жерленген.

1972 жылы Алматыдағы көшелердің біріне Шәкен Айманов аты берілді. Ал 1984 жылы «Қазақфильм» киностудиясы режиссердің атымен аталды. Ол тұрған үй мен киностудия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған. Қазір Павлодарда Шәкен Айманов атындағы кинотеатр жұмыс істейді.

Көзін көрген актерлар режиссер туралы жылы лебізін білдірді.

Дінмұхамед Ахимов, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі:

Дінмұхамед Ахимов
Фото: Ru.wikipedia.org

Шәкен Айманов туралы көп айтуға болады. Ол кісі — қазақ киносын жасап, оны көтерген адам. Мені Мәскеуге оқуға жіберген де — Шәкен аға. Сол кісі салған жолды қазір біз жалғастырып жатырмыз. Бүгінде оның аты өшпей, халықаралық фестиваль ұйымдастырылып, жалғасын тауып жатқанына өте қуаныштымын.

Ғазиза Әбдінәбиева, актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі:

Ғазиза Әбдінәбиева
Фото: Kino-teatr.ru

Шәкен Аймановпен бірге жұмыс істей алмадым. Ол кісі мен консерваторияда 1-курста оқып жүргенімде жастар мен балалар театрында «Жас Абайды» қойды. Сол қойылымның көпшілік сахнасына шыққанмын. Сол кезде мені көріп «Мына қызға қызыл көйлек, қызыл қамзол, қызыл тақия мен етік кигізіңдер. Бұл ауқатты кісінің қызы болады», — деді де, мені биікке тұрғызып қойды. Бірге жұмыс істемесем де, сол бір жақсы естелік үшін ризамын. 1-курстың студенті үшін ол үлкен мәртебе еді. Сол сөзі мәңгі құлағымда қалып қойды. Қазақ киносы мен талай актердың есімін дүниежүзіне танытқан адамның есімі өшпеуі керек.

Шәкен Айманов туралы ақпарат Wikipedia-дан алынды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!