Түркістан облысының әкімі халыққа берген есебінде халықты әлеуметтік қорғау, жұмыссыздықты азайту және жастарды қолдау мәселесіне ерекше тоқталды.
Оның айтуынша, облыста 130 мыңнан астам көпбалалы отбасы болса, оның ішіндегі аз қамтамасыз етілген 16 500 отбасыға немесе 100 000 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Елбасының Жастар жылында жастарға қолдауды арттыру және отбасы институтын дамыту бойынша тапсырмасына сәйкес облыста көпбалалы жұмыссыз көпбалалы ата-аналардың жұмыс табуына, олардың балаларының еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін қажетті техникалық және кәсіби білім беру мақсатында арнаулы көмек көрсетуді көздейтін «Қолғабыс» жобалар кешенін жүзеге асырамыз, — деді облыс әкімі.
Облыс басшысы биыл жастарды еңбек нарығына бейімдеу үшін 1 миллиард теңге жұмсалатынын айтты.
Жыл сайын Түркістан облысында шамамен мектеп түлектерінің ішінен 16 мыңдай бала ЖОО түссе, 4000-нан астамы колледжге оқуға түседі. Ал тағы 4000-ға жуық баланың білімін жалғастыру мүмкіндігі болмайды. Олардың басым көпшілігі көпбалалы отбасыдан шыққан балалар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Мобильдік оқу орталықтары» жобасы арқылы 4000 баланы еңбек нарығында сұраныс жоғары мамандықтарға дайындау үшін биыл 1 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отырмыз, — деді Жансейіт Түймебаев.
Әкім өңірде жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізетін жобалар туралы да айтты.
Облыста сәтті жүзеге асып жатқан «Әр ауылға — өз шебері» жобасы аясында 2300 адамға шеберлігін шыңдап, кәсібін ашуға қолдау білдіру үшін биыл 400 миллион теңге бөлінеді. Бұл жобада да көпбалалы ата-ананың қатысуына ерекше назар аударылады, — деді облыс әкімі.
2019 жылы облыста «Еңбек және нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы шеңберінде 3,3 миллиард теңгеге 3700-ден астам балаға техникалық және кәсіби білім гранты беріледі. Оның ішінде көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға басымдық беріледі.
Әкім облыс орталығы Түркістанда салынатын Спорт сарайы, жабық бассейн, стадион сияқты кешендерді аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасы балаларының жеңілдікпен және тегін пайдалану жолдары қарастырылатынын айтты. Жастар жылында облыс жастарының білім алуына, жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау білдіруге де басымдық беріледі.
Елбасымыз жастарды Түркістан құрылысына тартуды арнайы атады. Қазір біз «Түркістан жастарының құрылыс жасағы» ұйымын құрып, 3000-нан астам азаматтың тізімін жасақтадық. Ақпанның ішінде мердігер құрылыс компанияларымен меморандумға отырып, наурыздан бастап жастарды құрылыс жұмыстарына жібереміз. Тұрақты жалақы көлемі 70 000-100 000 теңге арасында болмақ, — деді әкім.
Облыс басшысының айтуынша, қалалық және ауылдық жерлерде де жастарға кәсіпкерлікпен айналысуға қолдау күшейтіледі. Түркістан облысындағы жас кәсіпкерлерге кепілсіз 2 миллион теңгеге дейінгі жеңілдетілген несиені жылдық 4%-бен беріледі.
Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы ауыл-аймақтағы 200-ден астам жас кәсіпкерге төмен пайызбен 1,5 миллиард теңге несие беруді көздеп отырмыз, — деді облыс басшысы.
«Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 5500-ге жуық жасқа қолдау білдіру үшін 2 миллиард теңге бөлінеді. Сонымен қатар 1200 жұмыссыз азамат кәсіпкерлік негіздері курстарынан өткізіп, олардың кемінде 80%-ына төмендетілген пайызбен несие беріледі. «Жастарды тұрғын үймен қамту» жобасы аясында 260 жасты баспанамен қамту көзделіп отыр.