Түркістан облыстық бюджетінен ауыр науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 1,3 миллиард теңге бөлінді. Сонымен бірге медициналық ұйымдарды күрделі шығындарына 8 миллиард теңге жұмсалды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі халыққа есеп беру кезінде айтты.
Цифрландыру бағдарламасы аясында 38 амбулаториялық-емханалық ұйымға медициналық ақпараттық жүйе толығымен орнатылды. Дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылу қазіргі уақытта 76,4%-ға электрондық түрде атқарылып жатыр. Жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесінде облыста ана өлім-жітімінің көрсеткіші 35%-ға, нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші 10%-ға, туберкулез өлім-жітімінің көрсеткіші 46%-ға, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткіші 8,1%-ға төмендеді, — деді Жансейіт Түймебаев.
Әкімнің айтуынша, биыл Кентау мен Жетісайда және Мырзакент, Ақсукент елді мекендерінде аудандық емханалардың, сонымен қатар Түркістанда 150 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Облыс басшысы медицинамен бірге білім беру саласында атқарылған жұмыс туралы да айтты. Оның мәліметінше, 2018 жылы білім беру саласына бөлінген 250 миллиард теңгеден астам қаржының арқасында балаларға қатысты бірнеше маңызды мәселе шешімін тапты. 120 балабақша ашылып, жалпы мектепке дейінгі білім беру ұйымдары санының 1 399-ға жетті.
Оларда қазір 145 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл — облысымыздағы 3-6 жастағы балалардың 95%-ы балабақшада білім алу мүмкіндігіне ие деген сөз. Биыл ол көрсеткішті 100%-ға жеткізіп, Түркістан облысындағы әрбір балаға балабақшадан лайық орын табу — біздің жоспарымыз, мұндай көрсеткіш бұрын-соңды болған емес, құрметті халайық. Сонымен бірге өңірімізде апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі де өз шешімін тауып отыр. 2018 жылы 18 миллиард теңгеге 80 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 39-ның құрылысы аяқталды. Оның ішінде, 8 апатты және 5 үш ауысымды мектептердің мәселесі шешілді, — деді Жансейіт Түймебаев.
Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, 2019 жылы 26 білім беру нысаны іске қосылады, оның ішінде 4 апатты және 4 үш ауысымды мектептердің мәселесі шешіледі. Саманнан салынған 62 мектеп қалып отыр, кейінгі жылдары олар құлағалы тұрған ғимарат саналып, жаңартылатын нысандар қатарына енеді.
Мәселенің оң шешім табуы оқушыларымыздың оқу үлгеріміне оң әсер ететіні сөзсіз, — деді облыс әкімі.
Әкім былтыр облыстық бюджет есебінен колледждерде балаларды тегін оқытуға 11,2 миллиард теңге бөлінгенін де айтты. Сонымен бірге осы салада жемқорлықты азайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Балаларды балабақша мен мектепке онлайн орналастыру үшін Balabagsha.sitcen.kz және mektep.sitcen.kz жүйелері жұмыс істейді.