Басты бетЖаңалықтарБиыл Түркістанда...

Биыл Түркістанда қандай нысандар салынады?

Жансейіт Түймебаев халыққа Түркістанның бас жоспарының бекітілген тұжырымдамасына сай салынатын құрылыс нысандары мен осы мақсат үшін мемлекет меншігіне қайтарлыған жер телімдері туралы да есеп берді.

Әкімнің айтуынша, Түркістандағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысын іске асыру үшін 700 гектар жер анықталып, оның 513-і мемлекет меншігіне қайтарылды.

Бірінші кезекте облыс әкімдігі, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттер ғимараттарының, 26 тұрғын үйдің, 900 оқушы орынға арналған мектептің құрылысы басталды. Бірнеше мәдениет және спорт нысаны салынып жатыр. Инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 10 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жеке инвесторлардың көмегімен қонақүй, фитнес орталығы, автовокзал құрылысы басталды.

Рухани-мәдени орталықта салынатын «Ұлы дала елі» орталығы, Ясауи музейі, «Әзірет Сұлтан» қабылдау орталығы, облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, Шығыс моншасы, музыкалық су бұрқақ, амфитеатр, сауда орталығы ғимараттарының және тарихи көшелердің орналастыру сызбасы бекітіліп, жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Кеше ғана Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Президенттің Түркістанда қосымша ғимараттар салу туралы жарлығын жеткізді. Халыққа қызмет көрсету орталығы, неке сарайы, музыкалық колледж, аттракционы бар үлкен парк салынады. Бұл үшін баршамыздың атынан Мемлекет басшысына алғыс білдіргім келеді, — деді Жансейіт Түймебаев.

Әкімнің айтуынша, 167 нысан бойынша жер телімдері мемлекет мұқтажына қайтарылып жатыр. Оның 153-і — тұрғын үй, жалпы құны — 1,865 миллиард теңге, 14 -і — кәсіпкерлік нысан. 94 нысан бойынша келісім жасалды, оның ішінде 32 тұрғын үйдің иесіне 399,2 миллион теңге төленген. Жансейіт Түймебаев қаладағы ірі құрылысқа түсіністікпен қарап, жекеменшік аумағын мемлекетке қайтарып жатқан тұрғындарға алғыс айтты.

Түркістанды дамытудың Үкімет бекіткен кешенді жоспары бойынша 2019-2024 жылдары қалада 890 миллиард теңгеге 139 шараны іске асыру қарастырылған. Биыл облыс орталығында 138 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталады.