Басты бетЖаңалықтарБылтыр Түркістан...

Былтыр Түркістан облысы инфрақұрылымы жағынан қалай дамыды?

2018 жылы Түркістан облысында 635 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етілді. Бұл туралы өңір тұрғындары алдында есеп берген облыс басшысы Жансейіт Түймебаев айтты. Есеп беру кездесуі әкімдіктің Facebook-тегі ресми парақшасында тікелей трансляцияланып жатыр.

2018 жылы су құбыры мүлдем жоқ 13 елді мекенге жаңа ауыз су құбыры салынып, 1 елді мекеннің тозығы жеткен ауызсу жүйесі жаңартылды. Нәтижесінде облыстың 635 елді мекені — 1 766 196 адам ауызсумен қамтамасыз етіліп, қамту деңгейі 75,4% болды. 800 мыңнан астам адамға қолжетімді бағамен ауызсуды жеткізу мақсатында былтыр 2 миллиард теңге сомасында субсидия бөлінді, — деді облыс басшысы.

Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, 2019 жылы 43 елді мекенге орталықтандырылған ауызсу құбыры салынып, қамтылған жалпы елді мекендер санын 678-ге, қамтылу деңгейін 80,3%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Былтыр өңірде 96 табиғи газ нысаны салынып, жыл қорытындысы бойынша 62 нысанда құрылыс аяқталды. Соның нәтижесінде 385 елді мекенді немесе 1 миллион 72 мың адамды табиғи газбен қамту мүмкіндігі пайда болды. Биыл 27 елді мекенге табиғи газ жүргізіледі. Табиғи газбен қамтылған елді мекендер 412-ке жетті.

Өңір басшысының есебіне қарағанда 2018 жылы 22 ауылдық елді мекенде, 6 қалалық ықшамауданда электрмен жабдықтау құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сөйтіп қосымша 35 300 тұрғын сапалы, тұрақты электр энергиясымен қамтылды.

Облыста 826 елді мекен орталықтандырылған электр желісімен, 16 шалғайдағы елді мекен дербес электр қондырғыларымен қамтамасыз етілген. 2019 жылы 13 электрмен жабдықтау нысанының құрылысын аяқтап, іске қосу жоспарланып отыр. 15 800 тұрғын сапалы, тұрақты электр энергиясымен қамтылады.

Сонымен қатар Сарыағаш ауданында 220 кВ «Қызыләскер» қосалқы станциясының құрылысы басталып, оны 2020 жылы пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Бұл 705 мың тұрғынды, өнеркәсіп және ауыл шаруашылық нысандарын тұрақты және сапалы электр энергиясымен қамтуға жол ашады.

Әкім 2018 жылы 521,9 шақырым жол пайдалануға берілгенін айтты. Ташкентпен сауда-экономикалық, туристік қатынастарды нығайту мақсатында Түркістан — Ташкент халықаралық автобус бағыты ашылды.

Әлеуметтік маңызы бар Түркістан — Шымкент және Сарыағаш — Шымкент теміржол бағыттарына облыстық бюджеттен 196 миллион теңге субсидия бөлінді. Жалпы 100 мыңнан астам жолаушы тасымалданды. Биыл әлеуметтік маңызы бар Түркістан — Бадам және Түркістан — Сарыағаш теміржол бағыттары ашылды. Пойыздар аптасына 5 реттен қатынайды. Осы жылдан бастап аптасына 2 рет жиілікпен Түркістан — Шымкент жедел пойызы іске қосылды. Билет құны — 609 теңге. Бұл саланы да ары қарай дамыта береміз, — деді Жансейіт Түймебаев.

Облыс басшысының мәліметінше, көлік саласында негізгі құрамдағы ауданаралық және облыс аралық тұрақты бағыттардағы 594 автокөлік құралының барлығы 100% GPS құрылғысымен жабдықталған.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 139,1 миллиард теңгеге  жетті. Тұрғын үй құрылысы қарқын алып, 3047 отбасы қоныс тойын тойлады. Бюджет есебінен алаңы 30,6 мың шаршы метрді құрайтын 35 тұрғын үй  пайдалануға тапсырылды. Сонымен қатар 92 шақырымдық инженерлік-коммуникациялық жүйелер салынды. Биыл жалпы алаңы 130,6 мың шаршы метрді құрайтын 2391  пәтерлі 40 үй пайдалануға беріледі.