Басты бетЖаңалықтарБауыржан Байбек...

Бауыржан Байбек аз қамтылған отбасыларға атаулы көмекті ұлғайтуды тапсырды

Бауыржан Байбек мүгедек балалары бар отбасыларға берілетін атаулы көмекті ұлғайту және тұрмысы төмен отбасылардың екінші баласынан бастап балабақша шығынының өтемақысын төлеу шараларын қарастыруды тапсырды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі хабарлайды.

«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының кезектен тыс отырысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек құрамына мемлекеттік жәрдемақы, атаулы көмек, әлеуметтік төлем, демеушілік көмек, еңбекпен қамту және басқалары енген қолдаудың кешенді шараларын атап өтті.

Үйде мүгедек балаларды оқытуға кететін шығынды өтеу үшін берілетін өтемақы мен қиын жағдайға тап болған кезде берілетін бір реттік атаулы көмек көлемін ұлғайтуды қарастырған жөн. Егер отбасы көпбалалы болса, онда оларды балабақшаға орналастыру қиын. Тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың екінші баласынан бастап балабақшаға кететін шығынның өтемақысын төлеу мәселесін зерттеу қажет, — деді Бауыржан Байбек.

Алматы әкімі көпбалалы отбасыларға заңнамалық және психологиялық кеңестер, реабилитациялық көмек көрсететін «Бақытты отбасы» орталығын құруды тапсырды. Бұл — бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейтін сервистік орталық. Осы арқылы көпбалалы аналар жұмысқа орналаса алады.

Сонымен қатар мегаполис басшысы төрт және одан көп баласы бар отбасылардың тұрғын үй алу үшін төленетін алғашқы жарнасының төлемін субсидиялау мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша көпбалалы отбасыларға берілетін атаулы көмектің көлемін ұлғайту, ыстық және суық су есептегіш қондырғыларын орнатуға кететін шығындарға өтемақы беру мәселесі қарастырылады.

Әлеуметтік әл-ауқат, стратегия және бюджет басқармаларына және басқа да құзырлы органдарға бір апта ішінде осы мәселелер бойынша жұмыс жасау және нақтылы ұсыныстар айту тапсырылды.