Қазақстанда емдеуге келмейтін, елімізде қолданылмайтын әдістер мен технологияларды талап ететін аурулар бар. Ондай науқастардың мемлекеттік бюджет есебінен, шетелде тегін емделуге мүмкіндігі бар. Сонымен шетелде мемлекет есебінен кімдер емделе алады? Ол үшін қандай құжаттар талап етіледі?

Бюджет қаражаты есебінен шетелдердегі озық клиникаларға емдеуге жіберілетін азаматтардың санаты мен аурулардың тізімі Денсаулық сақтау министрінің тиісті бұйрығымен бекітілген. Оған негізінен отандық медицина ұйымдарында емделген, бірақ қолданыстағы емдеу тәсілдері оң нәтиже бермеген науқастар жатады. Шешім қабылдау барысында 18 жасқа дейінгі балаларға, айрықша жағдайларда қызмет бабында ауыр жарақат алған әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне басымдық беріледі, — дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Зәбира Оразалиева.

Оның айтуынша, аурулардың тізбесіне негізінен ағзалар мен тіндерді алмастыруды қажет ететін аурулар, сонымен бірге онкологиялық аурулар, өңеш, кеңірдек стеноздары, тағы басқалары кіреді.

Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 5 желтоқсандағы № 918 «ҚР Денсаулық сақтау әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы № 544 «Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізу туралы бұйрығы бойынша шетелде емделуге жіберуге негіз болатын ауру түрлерінің толық тізімі мынадай:

Қазақстан Республикасының азаматтары бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін аурулардың тізбесі:

1. Мидың хирургиялық қолжетімсіз және функциялық елеулі аумағындағы радиохирургиялық емдеу әдісін (гаммапышақ, киберпышақ) талап ететін артерия-веналық мальформациялары мен ісіктері.

2. Ми діңі, жұлын тамырларының артериялық-веналық мальформациялары және артериялық аневризмдер.

3. Бассүйек негізінің ісіктері.

4. Радиохирургиялық емдеуді (гаммапышақ киберпышақ, радио белсенді аппликаторлар) талап ететін көздің қатерлі ісіктері.

5. Кератопротездеу.

6. Ересектер мен балалардың сүйек кемігін аутологиялық және туысқандық транспланттауды қоспағанда, тіндерді (тіндердің бөліктерін) немесе ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттауды талап ететін аурулар, мөлдірқабықты транспланттау.

7. Өңеш стеноздары.

8. Трахея стеноздары.

Денсаулық сақтау министрлігі әлемнің жетекші клиникаларымен жұмыс істейді. Олардың қатарында Германия, Израиль, АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия, Жапония, Франция, Испания, Чехия, Украина, Ресей, Беларусь, Үндістан, Сингапур сияқты елдердің алдыңғы қатарлы медицина орталықтары бар.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!