Нұржан Әлтаев Парламент Мәжілісінің депутаты болды

Ол бір жыл бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалған еді.

Бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев Парламент Мәжілісінің депутаты болды.

“Кеше ҚР Орталық сайлау комиссиясы “Нұр Отан” партиясының мүшесі Нұрлан Бауыржанұлы Әлтаевты Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты етіп тіркеді. Осыған байланысты депутаттық корпус атынан жаңадан сайланған әріптесімізді құттықтаймын, – деді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.

Нұржан Әлтаев Парламенттің төменгі палатасының аграрлық мәселелер комитетінің құрамына кірді.

Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ҚР тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, маған жүктелген депутаттың жоғары міндеттерін адал атқаруға ант беремін, – деді Нұржан Әлтаев.

Нұржан Әлтаев 40 жаста, қазіргі Түркістан облысында туған. 2004 жылы Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, 2012 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін бітірген. Мамандығы – заңгер, экономист. Ол еңбек жолын 2002 жылы бастаған. 2005-2012 жылдары мемлекеттік органдарда әр түрлі қызмет атқарған, ұлттық компанияларда жұмыс істеген. 2012-2017 жылдары “Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын”, Оңтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасын басқарды, “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі болды. 2018 жылдың қаңтарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды.

ДереккөзTengrinews.kz