11 ақпанда Қазақстанның көп өңірінде қар жауады. «Қазгидромет» мамандарының хабарлауынша, еліміздің батысы мен орталығында ғана күн ашық болады.
Өңірлерде тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейіп, боран соғады. Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында жел секундына 22 метрге дейін күшейеді.
Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында тұман түседі, бұрқасын соғады. Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде де тұман түседі, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында көктайғақ болады.
Гидрометеорологтардың бұған дейін жариялаған ескертуіне қарағанда ауа температурасының жоғарылауына байланысты Алматы облысында және Алматыға іргелес аумақтарда, Жамбыл және Түркістан облыстарында қар еріп, соның салдарынан өзен-көлдерде су деңгейі көтерілуі мүмкін.
Республикалық маңызы бар үш қалада ауа температурасы мына шамада болады: Астанада — 13 градус аяз, Алматыда — 5 градус жылы, Шымкентте — 8 градус жылы.