9-11 ақпан күндері ауа райы қандай болады?

«Қазгидромет» мамандары 9-11 ақпан күндері ауа райы қандай болатынын хабарлады. Синоптиктердің мәліметінше, Каспий теңізі мен Оңтүстік Орал тауынан келетін циклон мен атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің батысында ауа температурасы жоғарылап, жауын-шашын мол түседі.

Республиканың көптеген облысында аязға себеп болып, Қазақстан арқылы шығысқа қарай жылжыған суық та күшті антициклон бұзылып, ауа райы температурасы көтеріледі. Ауа температурасының жоғарылауынан атмосфералық фронттар қардың жаууына, боран мен екпіні күшті желге себеп болады, — деп хабарлады «Қазгидромет» РМК мамандары.

9 ақпан күні Қазақстан аумағында ауа райы құбылмалы болады. Солтүстік-батыс, солтүстік, орталық және оңтүстіктің кей жерлерінде жауын-шашын жауады. Өңірлерде тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейіп, бұрқасын соғады. Алматы облысының Жалаңашкөл ауданында жел екпіні 20-25 м/с-ке дейін күшейеді, түнде тұман түседі. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында тұман түседі, көктайғақ болады. Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында бұрқасын соғады. Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде тұман түседі, Батыс Қазақстан облысында көктайғақ болады.