Басты бетЖаңалықтарЖеңіс Қасымбек:...

Жеңіс Қасымбек: Биыл 118 мыңға жуық отбасы баспаналы болады

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың негізгі нәтижелерін айтты. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Жеңіс Қасымбек 2018 жылы құрылыс саласы тұрақты өсім қарқынын көрсеткенін және 2017 жылдағы деңгейге қарағанда 4,1%, еңбек өнімділігінің өсімі 9% болғанын айтты. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция шамамен 8%-ға артты.

Айта кетерлігі, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік қаражаттың 1 теңгесіне 6-7 теңге жеке инвестициялар тартылған. Рекордтық 12,5 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2017 жылғы деңгейден 12%-ға жоғары. 2018 жылы бір тұрғынға тұрғын үйді пайдалануға беру 0,68 шаршы метр болды. Бұл — ТМД елдері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Салыстырып қарайтын болсақ, Ресейде — 0,54 шаршы метр, Беларусьте — 0,40 шаршы метр, Өзбекстанда — 0,36 шаршы метр. Тұрғын үй құрылысының қарқынын ұлғайтып жатырмыз, — деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, 113 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартты, соның ішінде 14 мыңнан астам отбасы мемлекеттік қаражат есебінен арендалық және несиелік баспанамен қамтамасыз етілді. Барлық өңірде тұрғын үйді пайдалануға беруде оң қарқын байқалады.

Бұған қоса, «7-20-25» бағдарламасын сәтті жүзеге асыру мақсатында инженерлік коммуникациялар құрылысына 100 миллиард теңгеге дейін қаржыландыру ұлғайтылды. Астана, Алматы мен Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жыл сайын кемінде 1 мың арендалық пәтер салу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін қаржыландыру тетіктері мен көздері анықталды.

Жалпы, 2019 жылы 13 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Соның арқасында 118 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Негізгі міндет — 2030 жылға дейін бір адам басына мақсатты көрсеткішті 30 шаршы метрге жеткізу. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 21,5 шаршы метр, — деді министр.

Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек отандық құрылыс материалдарын қолдану мәселесі ерекше бақылауға алынғанын айтты.

Егер бүгінде тұрғын үй құрылысында шамамен 86% қазақстандық өнім болса, 3 жыл ішінде бұл көрсеткішті 90%-ға дейін көтере аламыз деп есептейміз. Бұл құрылыс материалдары өндірісін ынталандырады және жалпы құрылыс саласына қосымша серпін береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша құрылыстағы қазақстандық қамту үлесі 2017 жылғы деңгейден 5%-ға артып, 77% болды, оның ішінде тұрғын үй құрылысында 86%, — деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.