Алматы көшелерін қалың қар басып қалды

Алматы көшелерін қалың қар басып қалды. Қалада көлік қозғалысы қиындады. Қар 6 ақпанға қараған түннен бастап жауып жатыр.

Жасыл экономика басқармасы мамандарына сілтеме жасаған Тengrinews.kz-тің мәліметінше, сағат 08.00-ге дейін Алматыда түскен қардың биіктігі 20 сантиметрге жеткен. Таулы аудандарда қар 30 сантиметрге дейін қалыңдаған.

Алматы қар
Фото: Тengrinews.kz

Әкімдіктің мәліметінше, қала көшелерін қардан тазартуға 574 арнайы техника шығарылған. Күндіз 718 техника жұмыс істемек. Көшелерде көктайғаққа қарсы 3 100 тонна материал себілген. Әкімдік қала тұрғындарынан автокөліктерді жол жиегінде қалдырмауды сұрап отыр.

Baribar.kz тілшісі қазіргі уақытта Алматыда көлік қозғалысы әбден нашарлағанын байқады. Арнайы техникалар көшелердің бәрін түгел қардан тазартып үлгермей жатыр. Тротуарларды қар басқан. Қоғамдық көлікте: метрода да, автобустарда да жолаушы көп. Мамандардың мәліметінше, Алматыда тәуліктің ортасына дейін қар жауады.