Музыка иіріміне қарай аспаптың да түрі көп. Қазақ халқы аспапты ағаштан, темірден, саз бен тастан, мал сүйегінен, мүйізі мен терісінен, ішек пен қылдан жасаған. Еліміздегі түрлі музейде 400-ден аса көне музыкалық аспап сақтаулы тұр. Олардың көбі батырлар жырында, халық әндерінде, ертегілерде, халық ауыз әдебиетінің басқа да үлгілерінде кеңінен аталады.
Мысалы, ел аузындағы «Кел бері» деген әнде бұл аспапты:
Саламын қаршығамды қырғауылға,
Кетеді жел аударып шыңдауылға, — деп жырға қосқан.

Шыңдауыл — соқпалы музыка аспабы, дауылпаздың бір түрі. Ол жезден жасалып, шанағының бір жағы көнмен (симфония оркестрінде қолданылатын литавра музыкалық аспабы тектес) қапталады. Астыңғы бөлігінде түрлі-түсті жіптен тоқылған бау өткізетін шығыршығы болады. Металдан жасалған шанағы ою-өрнекпен безендіріледі.
Шыңдауыл аспабын бүйір жағына бекітілген қайыстан ұстап тұрып, теріні соғып ойнайтын болған. Оның өзіне тән дыбыс күші, бояуы бар. Шыңдауыл көлемі жағынан әртүрлі келеді. Ертеректе бұл аспапты аңшылар да пайдаланған. Академик Әлкей Марғұлан шыңдауыл ерте заманда әскери-шерулік сипат алғанын да атап өтеді. Қазіргі кезде шыңдауылдың жетілдіріліп жасалған түрі халық оркестрі мен ансамбльдерде қолданылады.
Өнер зерттеушісі Болат Сарыбайдың айтуынша, дауылпаз бен шыңдауыл аңшылық кезінде жиі қолданылған. Қазақтар бұл аспаптарды ер басына іліп жүретін болған. Демек, дауылпаз бен шыңдауылдың әу бастағы қызметі дабыл қағып, дыбыстық белгі беруден басталған. Мысалы, ғалым Әлкей Марғұлан дауылпаз көбіне қаршығамен аңға шыққанда, ал шыңдауыл әскери шеруде қолданылғанын жазады. Ақан сері Қорамсаұлы, Шәңгерей Бөкеев, Хұсайын Тәкежанов өлең-жырларынан бұл аспаптың күнделікті өмірде кең қолданылғанын аңғаруға болады.