Шаруа Жарқын Дүйсен мен Ерзат Нөгербек малды қалай бордақылайтынын айтып берді.

Қой малының қарапайым күтімі

Жарқын Дүйсен қойды семірту үшін оған күніне үш мезгіл жүгеріні езіп береді. Алдына жоңышқаны да үзбей салып отырады. Шаруаның айтуынша, суы мен жемі уақытылы беріліп отырған қой бір айдың ішінде тез семіреді. Қораны да таза ұстау қойдың күйіне әсер етеді екен.

«Жылқыны семірту үшін дәрі екпеген дұрыс»

Жылқы — ерекше күтімді қажет ететін жануар. Ол кез келген шөпті жемейді. Қазір жылқыға семірту үшін арнайы дәрі егетін болған. Сол дәрінің арқасында ол бір айға жетпей семіріп шыға келеді. Бұл — аз уақыттың ішінде семіртудің амалы. Мұндай екпелер тек ірі қараға әсер етеді. Бірақ еті құнарсыз, дәмсіз келеді.

Екпемен семірген жылқының майы аппақ болады. Қайнатқанда майы су сияқты ағып кетеді.

Жарқын шаруа жылқыны семірту үшін оған жоңышқа мен жем береді екен. Ол жүгеріні арнайы машинамен үгітіп беру тиімді екенін айтады. Жүгеріні бұқтырып беретіндер де бар.

Кез келген малды дұрыс күте алса, уақытында жем, суын берсе, доп-домалақ болып шыға келеді. Ал ешкі әлсіз мал, сондықтан оны семірту қиын. Әсіресе, қыста ешкіні семіртуді қолға алмас едім, — дейді шаруа.

Ірі қараны семірту үшін…

Сиырдың күтімі жылқыға қарағанда жеңілірек. Оған түрлі шөпті беруге болады, күйсеп тұра береді.

Сиыр көбіне салмақ қоспайды. Оған қарағанда бұқаны бордақылаған тиімді, — дейді Ерзат Нөгербек.

Ол малға әуелі аралас жем (комбикорм) сатып алады. Мұндай жемнің құрамында жеті түрлі қоспа болады. Ерзат бұқаны екі-үш ай, жылқыны 40 күн арнайы тәртіп бойынша күтетінін айтты.

«Аралас жем берсе, мал тез семіреді»

Жылқы мен бұқаны қорада жем-суын беріп, жатқызбай ұстаймын, тек тұрып тұрады. Бұқаға аралас жемнен бөлек, езілген күнбағыс беремін. Ол жылқыға қарағанда талғамайды, бәрін жей береді. Бірақ оған шөпті аз саламын, тек кешке күйіс қайтару үшін жоңышқа беремін. Мысалы, 1,5 жасар сиырды бір-екі ай жақсылап күтсең, 80-90 келі салмақ қосады. Суды жемнен бұрын немесе жем жегеннен кейін екі сағаттан соң беру міндетті. Мал жемнен кейін су ішсе, салмақ қоспайды.

Шаруалар қойды, жылқы мен сиырды баптап күтеді. «Ешкі ұсақ мал болғандықтан ерекше күтіммен қарамаймыз, олар бәрін жей береді», — дейді олар.

«Малға тәтті беруге болмайды»

Кейде шаруалар малды тез семірту үшін шоколад, вафли, макарон, тіпті, картон қағазын беріп жатады. Бұл қаншалықты дұрыс не бұрыс екенін ветеринар Әйгерім Жақсылықтан сұрадық.

Малды соғымға арнап семірту үшін аралас жем мен сүрленген шөп міндетті түрде беріледі. Макарон өнімдерін, вафли мен шоколадты малға беруге болмайды. Тіпті, шоколад беру қауіпті. Егер мал сүтті болсын десеңіз, минерал дәрумендер қоспасын, премикстерді қолданған жөн, — дейді маман.

Ветеринардың айтуынша, малды семірту үшін әуелі оның әрқайсының тұқымына байланысты арнайы рацион дайындау керек. Жануарға рацион дайындаумен мал технигі (зоотехник) айналысады. Рацион малды соғымға сою немесе сүтті молынан алу мақсатына қарай ерекшеленеді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!