Керней – қазақтың үрмелі музыкалық аспабы. Ол түтікше пішінді болып келеді. Кернейді әскери жорықтарда атой шақырушы ретінде және хабар беру үшін ойнаған. Ал бейбіт уақыттарда хандар мен ірі ру басшыларының қатысқан ресми жиындарда ойнаған.
Қазақы керней шамамен бір не бір жарым метрден аспайды. Іші қуыс түтікше етіп ағаштан не қамыстан ойылады да, үнін өзгерту үшін үш жерінен ойық жасалады. Кернейді көбіне түйенің өңешімен қаптап тастайды. Қапталған аспаптың сапасы жоғары болады әрі дыбысы да ерекше шығады.

Керней металдан да жасала береді. Аспапты көбіне ат қылымен әшекейлеп, сәндейді. Аспаптың бір ұшы етек қоныш тәрізді кең болып келеді де, келесі ұшы мүштік болып аяқталады.
Керней «Қобыланды» жырында төмендегі жыр шумағымен өріледі:
«Қараман қайраттанды көңілі тасып,
Хош болып, уақыты хадден асып.
Әскерге топ аттырып, керней қойды,
«Алам — деп, — Назым қызды болса нәсіп».
Қылқобызшы Жаппас Қаламбаев бір ауылдан керней көргенін айта келіп, былай дейді: «Ауылда бір қария бар еді. Күн батып, кеш болысымен-ақ ауылдың іргесіндегі шағын төбенің басына шығады да, кернейін аңырата тартып, адамдарды шақырып алады. Бұл ауыл адамдарының сол жерге жиылуын меңзесе керек. Халық төбе басына жиылған соң өткен-кеткеннен әңгіме-дүкен құрады. Небір аңыз-жыр, қызық-қызық ертегілер таң атқанша таусылмайтын», — деп еске алады.
Киномотография саласында керней аспабын ең алғаш композитор Нұрғиса Тілендиев «Қыз Жібек» фильміне қолданды.
Керней Орта Азия халықтарында әскери музыкалық аспап ретінде тартылады. Әр халықтың өзіне тән кернейі болады. Олардың негізгі үлгі-нұсқасы ұқсас болғанымен аталуы, жасалуы әр алуан. Өзбектерде «карнай» деп аталса, қырғыздарда «керней» деп аталады. Өзбек халқында карнайсыз той өтпейді.
Керней тау арқарының иілген мүйізінен, мыс және жезден де жасалатын болған. Ал ұйғырларда бұл аспап «супнай» деп аталады. Бұлардың бәрі де дабыл қағу, белгі беру мақсатымен жасалған. Қазіргі таңда керней үрмелі музыкалық аспаптар қатарына жатқызылғанымен, дыбыс мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, оркестр, ансамбльдерде қолдануға арнап жасалмай жүр.