Әлем чемпионаты: Сергей Ткаченко алғашқы медальді жеңіп алды

Сергей Ткаченко 248,9 ұпай жинап, шаңғы спортынан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. 

Сергей Ткаченко
Сергей Ткаченко. Фото: Оlympic.kz

Лахтиде (Финляндия) жасөспірімдер арасында шаңғы спортынан әлем чемпионаты өтіп жатыр.

19 жастағы жерлесіміз бірінші раундтан соң 96,5 метрді бағындырып, 1-орында тұрды. Ал финалдық бәсекеде Сергей 94,5 метрге  дейін «ұшып», 248,9 ұпаймен үздік үштікті тұйықтады. Бұл — оның мансабындағы ең үздік нәтижелердің бірі.

Қуанышымда шек жоқ. Еліміздің байрағын әлемдік сында көтергенім үшін ерекше бақыттымын, — дейді Сергей Ткаченко.

Алтын медальді норвегиялық Томас Маркенг иеленді. Ол 252,1 ұпаймен жалпы есепте көш бастаған болатын. Екінші орында  — 250,8 ұпай жинаған Германия өкілі Лука Роуз.

Сергей Ткаченко
Фото: Оlympic.kz

Қазақстан командасының бас бапкері Павел Васильевтің айтуынша, бұл — тарихи жеңіске пара-пар жүлде.

Қазақстан тарихында тұңғыш рет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан жүлде алып отырмыз. Әрине, бұл — біз үшін үлкен жетістік. Жарысқа Никита Девяткин, Глеб Сафонов, Нұршат Тұрсынжановтар да қатысты. Биыл алғаш рет квоталар санын көбейтіп, қатысушы спортшылар санын төртке жеткіздік. Бұрын Қазақстанның атынан екі спортшыдан артық қатыспайтын. Сонымен қатар биыл алғаш рет командалық турнирде бақ сынаймыз. Әлем бойынша 12 команда ғана қатысатын турнирдің финалына өттік. Бұл да — тарихта бірінші рет болып отырған жағдай, — дейді бас бапкер.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!