«Осы уақытқа дейін Ұлттық банк активтерді долларсыздандыруға қатысты жүйелі шараларды атқарып келеді», — дейді Бас банкир Данияр Ақышев. Оның айтуы бойынша теңгелік депозиттер халық үшін басқа шетелдік валютаға қарағанда жеті есеге дейін тиімді. Жыл басынан бері елімізде долларсыздандыру үдерісі анық байқалып отыр. Мәселен, теңге бойынша депозиттер елу пайызға дейін артса, керісінше шетелдік валютадағы депозиттер төрт пайызға кеміген.
«Тауарлар мен қызметтердің бағасын көрсетуде, жарнамалауда теңгені ғана көрсету, басқа шетелдік валюталарды көрсетуге тыйым салу шараларын заңнамалық ынталандыру жұмыстарын жалғастырамыз. Әрине, ұлттық валютамен өлшеуге келмейтін жағдайларды айтып отырғанымыз жоқ. Бұл ретте сананы долларсыздандыруға қатысты айта кетейін, Олимпиада чемпиондарына сыйақыны көрсеткенде оларға берілетін соманың мөлшерін шетелдік валютада емес, теңгемен айтуға да болатын еді», деді ҰБ басшысы.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін сананы долларсыздандыру бойынша интернет сайттарда көліктер бағасын, жылжымайтын және басқа да мүліктерді теңгеден басқа кез келген валютада көрсетуге тыйым салынған.