4 санаттағы борышкерлердің ипотекалық қарыздары кешірілуі мүмкін

«Астана» телеарнасының мәліметінше, арнайы бағдарлама қабылданатын болса, төрт категориядағы адамдардың қарызы қайта қаралады. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің айтуынша, бұл бастаманы Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер де қолдап отыр.

«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шолпан Ризабекованың айтуынша, бұл бастама көптен бері көтеріліп келеді. Алайда дүйсенбі күні өткен кезекті жиында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылғандардың қарызын кешіруге екінші деңгейлі банктер мен бас қаржы реттеуші келіскен.

1, 2-топ мүгедектері, толық емес отбасылар, соғыс ардагерлері, зейнеткерлер — қарызды төлеуге жағдайы келмейтін тұрғындардың мәселесін шешу керек. Әрине, бұл — шешілетін шаруа. Мұны Ұлттық банк өте жақсы қабылдап, дұрыс деп отыр. Себебі бұл бағдарлама халыққа өте тиімді, — дейді Шолпан Ризабекова.

Қоғамдық бірлестік төрайымының есебінше, осы категорияға Алматы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан, Атырау және Палодар өңірлеріндегі 2 мыңға жуық адам жатады. Сонымен қатар ипотекалық қарызы бар алты тұл жетім азамат қоғамдық ұйымдардан көмек сұраған. Ұлттық банк бұл мәселеге қатысты алдағы күндері нақты жауап беретінін хабарлады.

Айта кетейік, елімізде осы күнге дейін қайта қаржыландыру бойынша 25 мың борышкердің қарызы қайта қаралған. Олардың үстемелері, айыппұлдары кешіріліп, негізгі сомасын төлеуге мүмкіндік жасалған.

ДереккөзАstanatv.kz