Су тасқынынан зардап шеккендер баспаналы болды

27, 28, 29 және 31 шілде күндері облыстың кейбір аудандарында нөсер жаңбыр жауып, тұрғындарды біраз әбігерге салды. Салдарынан аудан орталығы Ерейментау қаласындағы Бөгенбай батыр, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Абылайхан, Кенесары тәрізді жиырмаға жуық көшенің бойындағы 17 үйді су басты. Аталған үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерлерге шығарылып, №1 және №2 орта мектеп ғимаратына жайғастырылды. Жалпы, үйлерін су басқаны жөнінде 63 адамнан өтініш түскен. Су басқан үйлерге  көмекке Целиноград, Аршалы және Ақкөл аудандарынан қосымша адамдар мен техника тартылды.

Шығын көлемін анықтап, зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында құрылған арнайы комиссия су шайған үйлердің тоғызын жарамсыз деп таныды. Бұған қоса, зардап шеккен отбасыларға облыстық бюджеттен 19 296 000 теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 7 отбасы өтемақы ретінде бөлінген қаржыға басқа үй сатып алса, 2 отбасы өздеріне жайлы үй іздестіріп жатыр. Ал, үйлеріне нұқсан келген қалған отбасыларына табиғат апатынан келтірілген шығын көлеміне сай аудандық бюджет есебінен әлеуметтік көмек көрсетілуде.

Сол күндері ауданға жедел жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Сергей Кулагин зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетіледі деп уәде берген еді. Бүгін көп балалы ана, «Алтын алқа» алқасының иегері, еңбек ардагері Фариза Сүлейменова төтенше жағдайлар кезінде қол ұшын созған облыс әкіміне аналық ақ алғысын жеткізіпті.

— Су бірден үйіміздің ішін алып кетті. Дүние-мүлкіміздің барлығы суда қалқып, үйдің іргесі бұзыла бастады. Осы сәтте үлкен жауапкершілік танытқан әкімдік пен төтенше жағдайлар қызметінің ширақ қимылы ғана көңілімізді жұбатқандай болды. Уақытында бөлінген қаражаттың арқасында үйлері жарымсыз деп танылған отбасылар тез арада басқа пәтерлерге кірсе, жөндеуге жарайтын үйлер де жылдам қалпына келтірілді. Сол үшін барлық зардап шеккен тұрғындар атынан қиын сәтте сүйеу болған басшыларға зор  алғысымды білдіремін, — дейді ол кісі бізбен хабарласқанда.

Сондай-ақ, «Заготзерно» шағын ауданында тұратын Марина Граф пен Алтынбақыт Рүстемованың да аяқ астында болған табиғат апаты кезінде шұғыл шаралар қабылдап, жанашырлық танытқан аудан басшылығына риза. Бүгінде зардап шеккен тұрғындардың барлығына келтірілген шығын көлеміне қарай қажетті материалдық көмек көрсетіліп отыр.

Сонымен қатар, жаңбыр суы шайып кеткен Ерейментау-Аршалы тас жолының 19 шақырымындағы Құмай өзені арқылы өтетін өткел де қалпына келтірілді.

ДереккөзҚазАқпарат