Композитор Еркеш Шәкеев, бизнесмен Еркін Тәтішев және Цинандали фестивалінің директоры Давид Сакварелизде еліміздегі жас таланттарды кәсібилігін шыңдап, тәжірибе алмасуға шақырды.
Қазақстандағы классикалық орындаушылар аз көлемдегі жалақыға жұмыс істейді. Өзге елдерде жағдай басқаша. Әсіресе, Еуропада кәсіби музыканттар жоғары бағаланып, оларды тыңдауға халық қаражатын аямайды. Бұл туралы бизнесмен Еркін Тәтішев айтты.
Елімізде жас классикалық музыканттардың шетелге шығып, тәжірибе алмасуына аз көңіл бөлінеді. Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған Цинандали музыка фестивалі олар үшін керемет мүмкіндік болар еді, — дейді ол.
Цинандали — Грузияның киелі саналатын тарихи, үлкен саябағы. Грузиннің атақты поэт-романтигі Александр Чавчавадзеге бұл жер әкесінен мұраға қалған. Александр жасыл желекке оранған үлкен үйіне шетелден қонақтарды, музыканттарды шақырып, сол жерде жасалатын винодан ұсынып, музыкамен көңіл көтеретін болған. Ұйымдастырушылар сол дәстүрдің жалғасы ретінде дәл сол саябақта оркестр құрып, фестиваль өткізуді қолға алмақ.
Атақты Вербье музыка фестивалінің ұйымдастырушыларымен бірлесіп, еліміздің жас әрі талантты музыканттарынан симфониялық оркестр құрамыз. Фестивальге алты елдің — Қазақстан, Грузия, Армения, Әзірбайжан, Украина мен Түркия музыканттары қатысады. Оркестр құрамына 18 бен 28 жас аралығындағы өз ісіне берілген музыканттарды қабылдаймыз. Еліміздің талантты жастары кәсіби шеберден сабақ алып, үздік оркестрде өнер көрсетіп әрі саяхаттап, тәжірибе жинайды деген сенімдемін, — деді Еркін Тәтішев.
Үміткерлер 22 наурызға дейін фестиваль сайтына кіріп, тіркеле алады. Музыканттарды тыңдау 21 қаңтар мен 8 сәуір аралығында Алматы, Анкара, Баку, Ереван, Киев, Львов, Тбилиси және Стамбулда өтетін болады. Қазақстандық орындаушыларды қазылар 30 наурызда тыңдайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр үміткерге 10 минут беріледі. Фестиваль сайтында жас музыканттарға орындау керек шығармалардың тізімі бар. Жеңімпаздарды Цинандалидегі халықаралық классикалық музыка фестивалінің ұйымдастырушылары анықтайды. Іріктеуден өткендер әйгілі дирижер Джанандреа Нозеда жетекшілік ететін Пан-Кавказдық жастар симфониялық оркестрінің құрамында өнер көрсетеді. Оркестр қыркүйек айында Цинандалиде өтетін фестивальдің резидентіне айналады. Жеңімпаздардың барлық шығынын ұйымдастырушылар төлейді.
Біз үшін ең бастысы — түрлі музыкалық оқу орнында оқитын оқушылар мен студенттер, музыкаға өмірін арнаған, шәкірт тәрбиелеп жүрген жастар осы хабарландыруды естіп, көріп, бақ сынауы. 1998 жылдан бастап түрлі елге барып, олардың музыкалық фестивальді ұйымдастыруын, деңгейін, тәжірибесін зерттеп жүрдім. Қазақстанның халықаралық фестивальдерге қатысуы үшін келіссөз жүргізуге тырыстық. Нәтижесінде кей елдермен келісе алдық, кейде сапарымыз сәтсіз аяқталып жатты. Сөйтіп жүргенімде Грузиядағы Цинандали музыка фестивалінің ұйымдастырушылары өзге елдер үшін ашық екенін, Қазақстанның жас орындаушыларын тыңдауға қарсы емес екенін жеткізді. Олар жастарға фестивальдің мақсатын дұрыс жеткізуімізді сұрады, — деді Еркеш Шәкеев.
Жас мамандарды кәсібилігін арттыруға шетелге жібергенде «Сол жақта қалып қоймай ма?» деген сұрақ туындайды. Фестивальдің еліміздің мәдениетін дамытуға қандай үлесі бар? Ұйымдастырушылар бұл мәселеге де пікірін білдірді:
Мұндай фестивальдер Қазақстанның танылуына себеп болады. АҚШ халқы бізді Геннадий Головкин арқылы біледі. Спорт, мәдениет, бизнес — қай сала болмасын біз туралы естиді. Оркестрде отырған отандасымыз — төл мәдениетімізді жеткізуші, ол іспен ғана бізге тән рухты таныта алады. Музыканттар шетелде қалғанымен біраз үйреніп, тәжірибе жинаған соң елге келіп, шәкірт тәрбиелейді. Мұны қорқатын жағдай емес деп ойлаймын, — деді Еркін Тәтішев.
Цинандали фестивалі алты аптаға созылады. 16 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында жеңімпаздар дүниежүзіне әйгілі кәсіби оркестрлердің жетекші музыканттарынан сабақ алады. 8-22 қыркүйек аралығында атақты дирижерлар Джанандреа Нозеда, Юкка-Пекка Сарасте, Омер Меир Веллбер, Лахав Шанидің жетекшілік етуімен бес концерт өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль аясында күніне екі концерт өткізіліп, Вербье фестивалінің камера оркестрінің резиденциясы мен академиясы қатысушылар үшін жұмыс істейтін болады.