Кенже қызы дүниеге келгенде Манат Есенбекованың күйеуі отбасын тастап кетіп қалған. Көп балалы әке жауапкершіліктен қашыпты. Әйелдің айтуынша, дәрігерлер кішкентай қызына ауыр диагноз қойған. Содан бері 30 жастағы ана төрт баланы жалғыз өзі асырап жүр. Қыста киетін жылы киімі болмағандықтан, балалары мектепке де бара алмаған.
«Үлкен қызым 11 жаста, ал кішісі алтыда, өзі ауырады. Бұрын ағаларым, көршілер қол ұшын созатын. Өз баспанамның болуын көптен бері армандап жүр едім. Бізге жәрдемдесіп, қолғабыс етіп жатқан қайырымды жандарға алғыс айтамын», — дейді Манат Есенбекова.
Көп балалы ананың қиын жағдайда қалғанын білген ауыл тұрғындары «Бақыт керуен» қайырымдылық қорын құрған. Қор белсенділері қолдан келген көмегін аянып қалып жатқан жоқ: бүлдіршіндерді қажетті киіммен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті, мектепке дайындады.
Ауыл халқы бір адамдай болып игі іске ақша жинаған. Директор Аждар Мырзалиевтің айтуынша, қор бұдан былай мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуін жалғастырады. Ауыл халқы баспана құрылысын қысқа дейін аяқтауды жоспарлап отыр.