Алматының қандай көңіл көтеру орындарында қылмыс жиі болады?

Алматыда төбелес, есірткі қолдану, кісі өлтіру сияқты келеңсіз оқиғалар жиі болатын 22 көңіл көтеру орны бар. Жергілікті полиция департаментінің баспасөз қызметі қатаң қадағалауға мұқтаж боп тұрған осындай нысандардың тізімін жария етті.

Полиция департаментінің хабарлауынша, көңіл көтеру орындарында азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мәселесі Алматы әкімдігі жанындағы Құқықбұзушылықтар профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында талқыланған. Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, қалада барлығы 400-ден астам көңіл көтеру орны бар, оның 38-і — түнгі клуб, 45-і — түнгі мезгілде жұмыс істейтін кафе-бар және мейрамхана. Олардың жұмыс уақытын меншік иелері белгілейді.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төрехан Исиннің айтуынша, көңіл көтеру орындарының 50%-дан астамы тәжірибесі мен тиісті лицензиясы жоқ, маманданбаған күзет қызметінің көмегіне жүгінеді. Осы жағдай және нысандардың жұмыс уақытының заңмен реттелмеуі көңіл көтеру орындарында құқық тәртібінің сақталуына кедергі келтіріп отыр.

2018 жылы жүргізілген бастапқы мониторинг 22 көңіл көтеру орны мен соларға іргелес аумақтарда оқиғалар анағұрлым жиі болатынын көрсетті. Мысалы, «Пионерская правда» түнгі клубында былтыр төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы 12 рет тіркеліп, 16 қылмыс жасалған, оның екеуі — кісі өлтіру, екі дерек — денсаулыққа аса ауыр зақым келтіру. Көп жағдайда күзет қызметкерлері жанжалды тоқтатумен айналыспай, тәртіп бұзғандарды есіктің ар жағына шығарып жіберумен шектеледі. Жанжалдар мен басқа да құқықбұзушылықтар көбіне көңіл көтеру орнына іргелес аумақтарда болады да, құқық тәртібі жағдайына кері әсерін тигізеді. Оған «Чукотка» барында екі жыл бұрын болған атышулы қылмыс мысал, — дейді Төрехан Исин.

Полицейлер көңіл көтеру орындары басшыларына нысандарда лицензияланған күзет қызметін пайдалануды және бейнебақылау қондырғыларын көбейтуді ескертті.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Алматының аса қауіпті саналып отырған көңіл көтеру орындары мен оларда тіркелген құқықбұзушылықтар мынадай:

  1. «Бахытжан» кафесі, «Шаңырақ-2» ықшамауданы, Жанқожа батыр көшесі, 35

(полиция 44 рет шақырылған, шақыртудың 30-ы төбелеске және қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты, 12 қылмыс жасалған)

  1. «Эверия» кафесі, Райымбек даңғылы, 355

(полиция 31 рет шақырылған, шақыртудың 25-і төбелеске және қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты, тіркелген қылмыс саны – 6, біреуі – кісі өлтіру дерегі)

  1. «Эмиль» кафесі, Данченко көшесі, 1 А

(полиция 25 рет шақырылған, оның 19-ы төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 5)

  1. Esperanza ойын-сауық орталығы, Сейфуллин көшесі, 481

(полиция 302 рет шақырылған, оның 211-і төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 89)

  1. «Шифо» кафесі, Сейфуллин көшесі, 404

(полиция 60 рет шақырылған, оның 45-і төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 15)

  1. «Арагоста» кафесі, Сейфуллин көшесі, 404

(полиция 52 рет шақырылған, оның 36-сы төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 14)

  1. «Алма» кешені, Желтоқсан көшесі, 148

(полиция 107 рет шақырылған, оның 75-і төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 25)

  1. «Гранд Опера» клубы, Қабанбай батыр көшесі, 132

(полиция 63 реттен көп шақырылған, оның 35-і төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 25)

  1. New Angar кафесі, Төле би даңғылы, 279/1

(полиция 136 рет шақырылған, оның 82-сі төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 66, оның 4-і – денеге ауыр зақым келтіру)

  1. «Луна» кафесі, «Школьный» ықшамауданы, 2/5

(полиция 86 рет шақырылған, оның 71-і төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 15, оның екеуі – денеге ауыр зақым келтіру)

  1. «Алмалы» мейрамханасы, «Ақсай-1 А» ықшамауданы, 11/2

(полиция 67 рет шақырылған, оның 49-ы төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 18, екеуі – денеге ауыр зақым келтіру)

  1. «Пионерская правда» түнгі клубы, Гагарин даңғылы, 111 А

(полиция 24 рет шақырылған, оның 12-сі төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 16, екеуі – кісі өлтіру дерегі)

  1. «Накатика» түнгі клубы, Желтоқсан көшесі, 171 А

(полиция 23 рет шақырылған, оның 12-сі төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 18)

  1. Underground түнгі клубы, Жандосов көшесі, 2 Б

(полиция 18 рет шақырылған, оның 11-і төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 9, оның біреуі – есірткі затын заңсыз пайдалану)

  1. «Жесть» рок-клубы, Розыбакиев көшесі, 234

(полиция 16 рет шақырылған, оның жетеуі төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 3)

  1. «Синий Фантомас» түнгі клубы, Зенков көшесі, 13

(полиция 24 жағдайға шақырылған, оның тоғызы төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 4)

  1. «ВНВ» түнгі клубы, Құрманғазы көшесі, 25

(полиция 32 жағдайға шақырылған, оның 9-ы – төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 5)

  1. «Манана» мейрамханасының караоке-бары, Достық даңғылы, 535

(полиция 28 жағдайға шақырылған, оның төртеуі төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 3)

  1. «Территория Соединенных Баров» түнгі клубы, Зенков көшесі, 24

(полиция 31 жағдайға шақырылған, оның 15-і төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 8)

  1. «Ғабали» кафесі, Ақан сері көшесі, 63

(полиция 27 жағдайға шақырылған, оның 11-і төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 4)

  1. «Шалахо» кафесі, Ақан сері көшесі, 65

(полиция 31 жағдайға шақырылған, оның 15-і төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны — 5)

  1. «7 жол» кафесі, Осипенко көшесі, 5

(полиция 25 жағдайға шақырылған, оның 9-ы төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы, тіркелген қылмыс саны – 17)

Еске салайық, Жаңа жыл түні Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінде жаппай төбелес салдарынан 23 жастағы жігіт қайтыс болған еді. 24-27 жас аралығындағы тағы үш жігіт ауруханаға түскен. Бұл оқиға елде қоғамдық резонанс туғызды. ҚР Ішкі істер министрлігі жаппай төбелестің тұрмыстық жанжал екенін мәлімдеді.