Бақыт Сұлтанов орта мерзімді кезеңге арналған басым міндеттерді белгіледі. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін Астана әкімінің төрағалығымен 2018 жылдың қорытындысы және 2019 жылдың жоспарына арналған қала активінің кеңейтілген аппараттық кеңесі өтті. Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қалалық ортаның сапасын арттыру мақсатында былтыр Астанада тұтас құрылыс салу бойынша 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды.
Көлік инфрақұрылымы саласында жыл сайын көлік санының 8-9%-ға өсу деңгейіне байланысты 2023 жылға дейін 121 шақырым жол, 2 көлік жолайрығы, 3 көпір, 1 жол өтпесі, 1 тоннель, сонымен бірге ең алдымен жеңілрельсті көлік (LRT) салу жоспарланып отыр. Көлік инфрақұрылымы қаңқасын қалыптастыру Астана жолдарында негізгі магистральді жеңілдетуге және көлік коллапсын туындау ықтималдығының алдын алуға мүмкіндік береді, — деді Бақыт Сұлтанов.
Әкімнің айтуынша, білім саласында 2023 жылға дейін елордаға көшіп келетін өсім есебінен мектеп жасындағы балалар контингенті 124 мың адам болды. Мектепте орын тапшылығын жою үшін 37 мектеп, 10 қосымша жапсарлас ғимарат (барлығы 63 мың орындық) салынады. Сонымен қатар мектепке дейінгі біліммен 100% қамту үшін (63 358 балаларды) 25 балабақша салу жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау саласы бойынша 15 нысан салу жоспарланған. Тұрғындарды сапалы қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында 150 шақырым сумен жабдықтау желілері және 81 шақырым су бұру желілері салынады. 2-ЖЭО-ны жаңғырту қосымша 2-2,5 миллион шаршы метр тұрғын үйді және коммерциялық аудандарды орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етеді. 3-ЖЭО 1-кезегін салу қаланың батыс және сол жақ бөлігін жылумен қамтамасыз етеді, ал 3-ЖЭО-ның 418 Гкал/сағат қуатты 2-кезегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы салынады. Биыл қуаты 110 кВ болатын 3 қосалқы станция салынып, 110 кВ-тық әуе желілері жаңартылады. Бұл жеңілрельсті көлікті, «Мыңжылдық аллеясын», Железнодорожный кентін электрмен қамтамасыз етуге және қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі жүктемені төмендету мүмкіндік береді.
Газдандыру бойынша 2020 жылға қарай бірінші кезеңде ЖЭО суқыздырғыш қазандарын газға көшіру жоспарланып отыр. Сонымен бірге («Көктал», «Оңтүстік-Шығыс», «Шұбар» ықшамауданы, Family Village, Garden Village, «Өндіріс», «Агроқалашық», «Теміржол», «Пригородный», «Тельман») тұрғын үй алаптарындағы шағын жеке қазандықтарды да газға көшіру жоспарланған.
Бұл зиянды заттардың ауаға тарауын 30%-ға азайтады. Кешенді жоспар аясында нөсерлі кәріз проблемасын шешу де жоспарланып отыр. 2019 жылы жер бетіндегі ағынды суды кедергісіз бұруды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғастырылады.
Жалпы қалада су жинау көлемі алдағы 5 жыл ішінде 13 мың гектардан 23 мың гектарға өседі. Бұл кешенді жоспарды іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен алдын ала 1,5 триллион теңге қарастырылған. Кешенді жоспарды іске асыру 5 жыл ішінде бюджетке 7 триллион теңге түсіреді. Бұл 300 мың жаңа жұмыс орнын ашуға және 3 миллион туристі тартуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Бүгінгі таңда Астанада екінші деңгейлі банктермен мақұлданған несиелердің жалпы сомасы 20,4 миллиард теңге болды, бұл 1400 отбасыны пәтермен қамтамасыз етті (874 отбасыға бюджеттен 13,1 миллиард теңге бөлінген). Бағдарлама қолжетімді бола түсуі үшін біз жергілікті бюджеттен тұрғын үй сатып алуға әлеуметтік көмек ретінде білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне 1 миллион теңге көлемінде қаржы бөлеміз, — деді әкім.
2018 жылы Астана әкімдігі үшжылдық бюджетті қалыптастыру шеңберінде бағдарламалық-нысаналы бюджеттеу қағидаттары негізінде үлкен жұмыс атқарды. Дәлірек айтқанда, бюджеттік шығыстардың негізгі бағыттары қаланың жалпы даму стратегиясына байланысты болады.
Мемлекет басшысы қала дамуының жаңа үлгісін әзірлеуді тапсырды. Жаңа бюджеттік циклда алдын ала жоспарлау механизмі қарастырылған, мемлекеттік сатып алудың негізгі конкурстары қазірдің өзінде жариялануы тиіс. Сондықтан әрбір әкімші мердігер барлық жұмысты орындау және қызметтерді көрсетіп болғанша осы мәселені бақылауда ұстауы тиіс. Біз халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, қала бюджетін басқарудың тиімділігін арттыруды және бюджет шығыстарының нәтижелілігін негізге алып, объектив бағалау жүйесін қалыптастыруды көздеп отырмыз, — деді Бақыт Сұлтанов.
Әкімнің айтуынша, жергілікті билік 2018 жылы бюджеттің өзін-өзі қамтуының рекордтық деңгейіне қол жеткізді. Меншікті кірістер үлесі шығындардың жалпы көлемінің 63%-ына жетті, 2017 жылы 51%-ына тең болған.