Қыста таза ауада шана теуіп, төбешіктен сырғанап жүрген балалар түрлі жарақат алып қалмауы үшін нені ескерген жөн?
Қысқы серуенге арналған киім
Баланы қалың киіндірмеңіз. Жеңіл де киіндірмеңіз. Киім қимылдауға кедергі келтірмеуі керек, ыңғайлы, жеңіл және жылы болуы тиіс. Қысқы аяқкиім ыңғайлы, табаны тайғанақ болмауы қажет. Бала қолғабын жоғалтпауы үшін оған резеңке тағып қойыңыз.
Шаңғы тебу
Шаңғыны саябақтарда, қаланың сыртында, қаланың автокөлік жүрмейтін жерлерінде тебу керек.
Конькимен сырғанау
Конькимен арнайы жабдықталған орындарда сырғанау керек. Құлау қаупі жоғары болғандықтан балаға тығыз киім кигізіңіз. Қажет жағдайда ұстап қалу және құлатып алмау үшін баланың жанында болыңыз.
Шанамен, ледянкамен сырғанау
Шананың сынған жерлері бар-жоғын тексеріңіз. Төбешіктен шанамен емес, ледянкамен сырғанаған дұрыс. Көлік өтетін жерге қарай сырғанамау керек, кішкентай балаларды аласа төбешіктерден, адамдар аз жүретін және ағаштар өспейтін, дуалдар және басқа да кедергілер болмайтын жерлерде сырғанатқан жөн. Балаға шанаға етпетінен жатып сырғанауға рұқсат етпеңіз, ол тісін сындырып немесе басын соғып алуы мүмкін.
Үйдің жанында ойнау
Балалардың жолға жақын ойнауына, биік жерлерден қарға секіруіне рұқсат бермеңіз. Қардың астында сынған бөтелкелер, тастар және басқа да қатты заттар болуы мүмкін. Балаларға қарды, мұз кесектерін ауызға алуға болмайтынын түсіндіріңіз: оларда ауру тудыратын микробтар болуы мүмкін.
Абайлаңыз, тайғақ!
Тайғақ жерді айналып өткен дұрыс. Ал басқа амал болмаса, балаларға мұз басқан тротуарда кішкентай қадамдармен асықпай, табанды нық басып жүруге үйретіңіз.
Абайлаңыз, аяз!
Аязды күндері балалармен бірге серуендеуді азайтыңыз немесе мүлдем тоқтатыңыз.