Қазақстанның құрылыс салушылары баспана тұрғызудың өзіндік құнын төмендетіп отыр. Жаңа баспананың 1 шаршы метрінің орташа бағасы бір жылда 110 мың теңгеден 104 мың теңгеге дейін азайған. Бұл туралы Ranking.kz хабарлады.
Құрылысты оңтайландырудың ең жоғары деңгейі Алматыда байқалып отыр: 1 шаршы метрдің өзіндік құны 26,4 мың теңгеге дейін төмендеген. Соңғы жылда тұрғын үй құрылысына аударылған инвестиция көлемі төрттен бірге көбейіп, 1 триллион теңгеден асты. Бұл — тұрғын үй құрылысы Қазақстанның экономикалық өсімінің негізгі көздерінің бірі болып отыр деген сөз.
Құрылыс салушылардың арасында жеке компаниялар инвестиция көлемін 29%-ға, ал жеке тұлғалар 41%-ға арттырған. Нарықта төлем қабілеті базасы да ұлғайып жатыр. 2018 жылдың 11 айында баспананы сатып алу-сату жөнінде 243 мың мәміле жасалған, көрсеткіш бір жылда 10%-ға өсіп отыр.
Ипотека бойынша да өсім бар: бір жыл ішінде баспана сатып алуға қарыз 17%-ға көп берілген.
Жаңа баспана нарығында төлемге қабілетті сұраныс тұрақты өседі деген болжам бар.
Екінші дәрежелі банктердегі жеке тұлғалардың жинақ-салымдары бір жылда 4%-ға артып отыр, карта төлемдері бойынша айналым 40%-дан артыққа көбейген.
Құрылыс салушылар халықты құрылысқа қаржы аударуға тарта отырып пайызсыз қаржылық ресурсқа ие болады, бұл да құрылыстың өзіндік құнының азаюына себеп болып отыр.
Қазақстанның тұрғын үй құрылысының 2018 жылғы негізгі көрсеткіштерін мына жерден көруге болады.