Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана бойынша филиалына 2019 жылы медициналық қызмет көрсету үшін келісімшартқа отыруға 89 емдеу мекемесі өтінім берген. Олардың 51-і — жекеменшік, соның ішінде 11 жекеменшік клиника жаңадан, яғни медициналық қызмет жеткізуші ретінде алғаш өтінім берген. Бұл туралы Астана қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының мамандары қордың Астана бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровқа сілтеме жасап хабарлады.
Бұған дейін Астанада №9 қалалық емхана базасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ, Астана қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының, сонымен бірге қаладағы медициналық қызмет көрсету мекемелерінің өкілдері бас қосып, көрсетілетін медициналық қызметтер, оларға ақы төлеу, медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру және 2019 жылы аймақтық деңгейде медициналық қызмет көрсету мәселелерін талқылаған болатын.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров емдеу мекемелерінің өкілдеріне 2019 жылға аймақтық деңгейде медициналық қызметтердің көлемін орналастыру рәсімін жүргізуге және емдеу мекемелерінде болатын кез келген өзгерістерді (қайта құру, тарату, бағытын/саласын өзгерту) алдын ала хабарлауды ескертті.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры — тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері және үкімет белгілеген шеңберде тұрғындар үшін қызметтерді сатып алушы қаржы операторы, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасы қордың бақылауында.
Ал қаражат Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігінің денсаулық сақтау саласының басымдық берілген бағыттарын дамыту, пациенттерге көрсетілетін медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін, азаматтардың емдеу мекемесін таңдау құқығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді ескере отырып бөлінеді.