21 желтоқсанда «NEET жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыру аясында «Астана жастары» ресурстық орталығы Әзірет Сұлтан мешітінде консультациялық кездесу өткізді.
Аталған шараны өткізудің мақсаты – бүгінгі таңда іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат беру, қала тұрғындарының жеке сұрақтары бойынша консультациялық көмек беру, — деді «Астана жастары» ресурстық орталығының директоры Үкібай Нұрпейісов.
Мешітке келушілер қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясы, астаналық жұмыспен қамту орталығы, медиацияны дамыту орталығы және басқа да ұйымдардың өкілдерімен жолығып, өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша кеңес алды. Сондай-ақ, консультацияны заңгерлер мен психологтар да жүргізді.