Басты бетЖаңалықтарАстана полициясы...

Астана полициясы биыл қалта тонаған 135 адамды ұстады

Астананың полиция департаменті биыл қоғамдық көлікте қалта қаққан 135 адамды ұстады. Тәртіп сақшылары тұрғындарға Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ұрлық-қарлықтың тағы көбейе түсетінін ескертеді.

Астана әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл полицияға ұсталған қалта ұрыларының 40-ы қазір уақытша ұстау изоляторында отыр.

Қысқы мереке қарсаңында қоғамдық көлікте қалтақағарлар тағы да бой көрсете бастады. 22 желтоқсан күні полиция қызметкерлері аялдамада сөмке ұрлаған жерінен Қарағанды облысының 28 жастағы тұрғынын ұстады.

карманник
Фото: Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктінің бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Полиция департаменті күдіктінің әрекетінен зардап шеккен азаматтардан ведомствоға хабарласуды сұрайды, — делінген полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Астана полициясы тұрғындар мен қала қонақтарына қоғамдық орындарда сақ болуды ескертеді.

Сөмкеңізді азық-түлікке арналған арбаға салмауға, кезекте тұрғанда сөмкеңізді қолыңызға ұстап тұруға және әмиян мен құнды заттарды полиэтилен пакетке салмауға кеңес береміз. Қоғамдық көлікте мұқият болыңыз, сөмкеңіздің жабық болуын қадағалап, алдыңызға ұстап тұрыңыз. Құнды заттарыңызды киімнің ішкі қалталарын салыңыз, — деп ескертеді полицейлер.