Желіде астаналықтарды алдады деген күдікпен Ақмола облысының тұрғыны ұсталды

Астананың полиция департаменті 51 жастағы Ақмола облысының тұрғынын алаяқтықтың 10 фактісі бойынша күдікті ретінде ұстады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұсталған азаматша ғаламторда алаяқтық жасады деген күдікке ілікті. Ол  WhatsAp желісінде арнайы топ ашып, электронды қаражат бойынша биржалық келісімдерге қатысу арқылы салымшылардың қаражатын айналдырып беруге уәде еткен. Түрлі акциялар мен жеңілдіктер ұсынып, салымшыларды еліктірген. Салымдарды киви әмияндары арқылы қабылдаған, – делінген полиция департаментінің хабарламасында.

2 желтоқсанда Астананың тұрғыны полицияға хабарласып, күдіктінің 400 мың теңгеден астам ақшаны екі есе қайтаруды уәде еткенін мәлімдеді.

Қазіргі таңда полиция алдын ала тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жәбірленушілер саны көп болуы да мүмкін, – делінген хабарламада.

Осыған байланысты, полиция күдіктінің заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың полиция басқармасына Бейбітшілік,19 мекен-жайы бойынша немесе 8 (7172) 71-62-91; 71-63-35 немесе 102 номерлері арқылы хабарласуын сұрайды.