Жазасын өтеп шыққан 69 астаналық жұмыспен қамтылды

Астанада бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққан 30 азамат пен бас бостандығынан шартты түрде айырылған 39 азамат жұмысқа орналастырылды.  Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабаралды.

Астананың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы аталмыш санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту бойынша пәрменді шараларды қолға алды.

Бұдан бөлек жазасын өтеп келген азаматтардың кәсіби білім алуына, бизнес- идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік беріледі.

Мысалы, бұрынғы сотталушы арнайы курста слесарь-сантехник мамандығына оқып, курс аяқталған соң өз ісін ашу үшін 240 500 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алды, — делінген хабарламада.

Астана қаласы әкімінің 2016 жылғы 16 қарашадағы № 158-2247 «Астана қаласында жұмыс орындарына квота белгілеу туралы» қаулысына сәйкес, жұмыс берушілер жазасын өтеп келгендерге және шартты түрде жазасын өтеуші азаматтар үшін  1% жұмыс орнын беру бойынша квота қарастырылған.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары белгіленген жұмыс орындарының квотасын орындау бойынша тексеру жүргізеді. Квоталық тәртіп бұзылған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылады.