Осындай ерекше оркестр қалай құрылды?

Екі жыл бұрын Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында оқитын досым Дельфий ойындарының ашылуына оркестр ұйымдастыруымды өтінді. Алғашында олар Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына хат жазды. Бірақ оқу орны бұл ұсынысты қабылдамады. Ондағы оркестрлердің жұмысы онсыз да көп болатын. Содан біз үш күннің ішінде 25 музыкант жинап, ұйымдастық. 21 мамырда Дельфий ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсеттік. Сол күннен бастап ресми түрде Empire Orchestra болып түрлі концертте өнер көрсетіп келеміз.

Оркестрді музыканың үлкен империясы болсын деп Empire атадық, бірақ атын өзгертетін шығармыз. Себебі біз тек бір оркестрден тұрмаймыз. Құрамымызда хор да, симфониялық, ұлт аспаптары және үрмелі аспаптар оркестрі де бар. Бәрін қосқанда — 96 музыкант. Біз ұсынатын әр шығарма, әр концертіміз — осынша адамның еңбегі. Әлі күнге дейін жалпы 96 адам болып еш жерде өнер көрсетпеппіз. Бірақ бәрі оркестрдің құрамында мерекелерде концерт қойып, тәжірибе жинап жүр. Олардың бәрі — өз қалауы бойынша келгендер. Олар өзіне ұнайтын музыканы орындағысы келеді және содан ләззат алады.

Жаңажылдық концерт
Фото: Жамал Жақсытай

Сауда орталықтарындағы жаңажылдық концерт жылда еркін форматта өтеді. Бұл кеш туралы еш жерде хабарландыру болмайды әрі қарапайым көпшіліктің арасынан шыға келіп, композиция орындап кетесіздер. Халықтың көңіл-күйін қадағалап, хормен бірге қосылып әндетуді өтінесіз. Оркестрдің көрерменмен байланысы қаншалықты маңызды?

Иә, бұл — ресми орындарда белгілі бір тәртіппен өтетін концерт емес. Демалыс күні сауда орталығында адамдар уақытын көңілді өткізгісі келеді. Оның үстіне, Жаңа жыл қарсаңында көрермен ерекше сезімтал боп жүреді. Жаңа жыл десе, батыс елдерінің бізге таныс әндері, Рождество туралы фильмдері еске түседі. Осыған байланысты репертуар да таңдалады. Классикалық ұзақ шығармаларды орындауымызға болады, бірақ біз үшін ең бастысы — музыкасүйер көрерменге мерекелік атмосфера сыйлау. Бұл жердегі концертіміз стандартқа сай емес. Шығарманың ортасында мен көрерменге бұрыламын да, қошеметтеуін немесе әннің ырғағымен билеуін, қосылып ән айтуын сұраймын. Үнемі тыңдарманның көңіл-күйін бақылап тұрамын. Біз өзіміз концерттің осындай еркін форматта өткенін қалаймыз. Халықтың біздің концерттен демалып, шабыттанып қайтуы маңызды. Оркестр орындаған шығармадан бір көрермен шабыт алып, жақсы істерге жол бастаса, біздің мақсаттың орындалғаны.

Жаңажылдық концерт
Фото: Жамал Жақсытай

Сауда орталықтарында Жаңа жылға арналған мерекені екінші жыл қатарынан тойлап жатырмыз. Бұл — біз үшін үлкен қуаныш, себебі өзіміз ләззат алып, шабыттанып қайтамыз. Бізге осындай үлкен сауда орталығында кішігірім концерт қоюға мүмкіндік бар екенін айтты. Біз бірден ұйымдасып, репертуар дайындап, көрерменді қуантуға асықтық. Былтыр хордың киімі жасыл, шыршаға ұқсас болған. Биыл өзіңіз көргендей, ақ костюмге ауысты, яғни хор орындаушылары аппақ періште образында. Егер кәсіби тұрғыдан қарасақ, концерттік бағдарлама көбіне Рождество мерекесіне, шіркеуде жиналып айтылатын әндерге құрылған. Былтырғы концерттен кейін осындай ойға келдік. Сондықтан да хордың образы өзгерді.

Дастан Ибрагимов, Empire оркестрі
Фото: Жамал Жақсытай

Оркестрге көп студент қосылғысы келеді. Ешкімнің бетін қайтармаймыз, өз аспабында шебер ойнауына мән береміз. Санға емес, сапаға жұмыс істегіміз келеді. Ең бастысы — кез келген уақытта біз ұйымдастыратын концерттерге қатысуы үшін жас музыканттың басқа да оркестрде өнер көрсеткенін қаламаймыз.

Жас дирижер — Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы хор дирижеры мамандығының 2-курс магистранты. Ол оқуды бітірген соң Empire Orchestra әрі қарай жаңа қарқынмен жұмыс істегенін, басқа қалалар мен өзге мемлекеттерде өнер көрсеткенін қалайды. 

Дастан Ибрагимов
Фото: Жамал Жақсытай

Мен Павлодар музыкалық колледжін хор дирижеры мамандығы бойынша бітірдім. Қазір Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында атақты дирижер Базарғали Жаманбаевтың сыныбында оқимын.

Оқу орнын бітірген соң осы оркестрді алға сүйрегім келеді. Дирижерлық — менің сүйікті ісім, ол маған есірткі сияқты. Егер музыкамен айналыспасам, көрерменнің алдында өнер көрсетпесем, ұйқыдан уайымсыз ояна алмаймын.

Достарыма «Менің өмірде дирижерлықтан басқа бір-ақ сүйікті ісім болады, ол — саяхаттау. Маған әлемнің кез келген жеріне тегін саяхаттай аласың десе, бәрін тастап кете беретін едім», — деп жиі айтатынмын. Қазір осы айтқаныма басқаша қараймын. Қанша жерден тегін саяхаттау бұйырса да, мен оның орнына дирижерлықты таңдап, қалар едім деп ойлаймын.

Менімен бірге үрмелі аспаптар оркестрін Валентин Ким деген дирижер, ұлт аспаптар оркестрін Мәди Тулев, ішекті аспаптар құрамын екі адам — Салтанат Шәкірова және Жалғасбек Рысберді басқарады. Аталғандардың әрқайсы — өз ісінің шебері, олар — музыкаға өмірін арнаған жандар.

Empire оркестрі
Фото: Жамал Жақсытай

Үлгі тұтатын музыканттарыңызды, дирижерларыңызды атаңызшы?

Қазір мен бұл сұраққа жауап берсем, ұзаққа созылады. Себебі өзім үлгі тұтатын, ұқсауға тырысатын дирижерлар туралы сағаттап әңгіме айтуға болады. Олардың біріншісі АҚШ-тың атақты дирижеры — Леонард Бернстайн. Ол — көптеген классикалық оркестрдің тізгінін ұстаған музыкант. Оның ішкі музыкалық пульсациясының ұлылығы сонша, оркестр оны қолдың қимылынсыз, қас-қабағына қарап-ақ түсінетін болған. Зубин Мета есімді әлемге әйгілі тағы бір дирижер бар. Ол — Үндістанның өте талантты музыканты. Сонымен қатар бүгінгі заманның эталоны ресейлік Валерий Гергиевті ерекше атап өте аламын. Оның өзін-өзі ұстауы, оркестрмен қарым-қатынасы мені шабыттандырады. Мен оны әлемге әйгілі әрі беделді музыканттардың бірі ретінде үлгі тұтамын.

Осылардың ішінде өзімнің ұстазым Базарғали Жаманбаевты атап өтпеске болмайды. Әйгілі дирижер, хормейстер, профессор жақында ғана «Парасат» орденімен марапатталды. Менін жетекшім ретінде оған көрсетілген әр құрметке қуанамын. Оның есімі менің өмірімде ғана емес, одан дәріс алған барлық студенттің жүрегінде қалары сөзсіз. Ол студенттерге сабақ бергенде ештеңеге қарамай кіріседі. Оның Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында еңбек еткеніне 52 жыл толды. Ұстазымыздың үнемі айтатын «Өмір жолында таза интонациямен жүру керек», — деген сөзі бар. Мен Базарғали Жаманбаевтан моральдық жағынан өзіме көп жақсы дүниені сіңіре алдым деп ойлаймын. Ол болмаса, бүгін өзімнің қандай боларымды елестете алмаймын.

Empire оркестрі
Фото: Жамал Жақсытай

Әдеттегідей, биыл оркестрдің концерті 4 рет (15-16, 22-23 желтоқсан күндері) өз көрерменін қуантты. Олар 30 минуттың ішінде сауда орталығына жиналған қауымды бір серпілтті. Халық өзіне бала күнінен таныс әндерді бірге шырқап, тағы да өнер көрсетуін сұрады. Оркестр тыңдарманның қалауын ескеріп, хор бір әнді бірнеше рет айтып шықты. 

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!