Республикалық байқау Астана әкімдігі мен «Атамекен» ҰКП қолдауымен өтті. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бизнес-ханымдар өзінің жобасы туралы бейневизитка, эрудиция және шығармашылық номер атты үш кезеңнен бақ сынасты.
Байқауға қатысқандардың барлығы да ерекше әрі сұлу. Қыздардың барлығы тең дәрежеде. Олар – аймақтарында өткен кезеңнің жеңімпаздары. Мұнда кілең мықтылар жиналды, — деді әділқазылар мүшесі, Синергия университетінің президенті Бауыржан Қасымбіргебаев.
Байқауда ақтөбелік «Mediapro» балалар продюсер орталығының басшысы Жанаргүл Досова жеңіске жетті.
Бізде шығармашылық академия бар. Онда біз балаларға вокал, актерлік шеберлік, хореография сынды бағыттарда білімі мен қабілетін ұштаймыз. Бізде көптеген киножобалар, кинофестивальдер бар. Сондай-ақ, балалар тележобаларға да қатысады. Ал мен сахнаға шықсам деп армандайтынмын. Сол армандарымның барлығы орындалуда. Бұл – сөзбен жеткізілмейтін ғажап сезім, — дейді Жанаргүл Досова.
Байқаудың негізгі мақсаты – жас әйелдер арасында белсенді өмірлік позициясын қалыптастыру, Қазақстан іскер әйелдерінің имиджін көтеру, кәсіпкерлікте, мамандығында, қоғамдық өмірде, саясатта және шығармашылықта табысты әйелдің образын қалыптастыру.