Ақтөбеде Құрбан айт кезінде қауіпсіздік күшейтілмек

Құрбан айт мейрамы кезінде ақтөбеліктердің қауіпсіздігіне баса мән берілетіндігін қалалық әкімдіктегі дереккөз Азаттық тілшісіне хабарлады. Аты-жөнін атамаған дереккөзі бүгін Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов полиция, басқа да жауапты сала өкілдерімен бірге облыс орталығындағы мешіттерді аралап шыққанын айтқан.

-Биыл «Нұрғасыр» мешітінің жанына 8, қалалық мешіттің жанына 2 киіз үй тігіледі. Ақтөбеде бұрын соңды діни мереке кезінде осынша киіз үй тігілген емес. Ұлттық ойындар жарысын өткізуді жоспарлап отырмыз. Ал қауіпсіздік мәселесі күштік құрылымдар бақылауында — дейді имам Төлеби Оспанов.

Айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбедегі шабуылдан кейін – 12-30 тамыз аралығында Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында радикалдық үш топтың сезікті 21 өкілі ұсталғаны хабарлаған.