ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Алматыда Ғылым академиясындағы жас ғалымдармен кездесті.
Кездесу барысында ғылым өкілдері салаға қаржының аз бөлінетінін айтты. Жас ғалымдардың айтуынша, докторанттардың 80 мың теңге болатын стипендиясы тым аз, техникалық жарақтандыру мәселесі де өзекті болып отыр. Ғалымдар ғылыми мақалаларды ең беделді басылымдарда жариялаудың, ғылыми ағылшын тілін үйренудің қиындығы туралы айтты.
Үкімет басшысы ғылым өкілдерін мұқият тыңдады.
Сіздер анау жоқ, мынау жоқ дейсіздер, ал ғылымның өзі қайда? Мен содан қорытынды шығарамын. Дөрекілеу айтар болсам: «Менен не қалайсыздар? Қайдағы ғылым, егер менде мұның барлығы да болмаса?» дейтін сияқтысыздар. Сондықтан мұны екі бөліп қарау керек: біріншісі — ғалымдар ғылымды дамыту жайында не айтады және екіншісі ғылымның дамуына не кедергі келтіріп отыр. Астанаға жеткен соң хаттама жасап, бөлу қажет. Сізбен бірге отырып, зерттеуге гранттар қалай бөлінеді және басқа да мәселелерді талқылаймыз. Барлығы жазуы керек және ненің қалай болатынын, жалпы мәселе түйінінің қалай шешілетінін түсіну қажет, — деді Бақытжан Сағынтаев Білім министрі Ерлан Сағадиевке.
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, техникалық мәселелер шешімін тауып жатыр.
Зертханаларға қатысты, алдымен оның кімге керек екенін білу қажет. Қытайда, Сингапурда болдым, оларда мұндай зертханалар өте көп. Шағын бөлме, 5 адамнан тұратын ғылыми топ сүт безі обырын зерттеп жатыр. Ол зертханада барлығы бар. Бір, екі жыл жұмыс істеп, нәтижеге қол жеткізгеннен кейін орныңнан тұрып кете бересің, басқалары келеді. Сен басқа жерге барып әзірлемеңді сатасың, жұмысқа орналасасың. Қазір онкология жайында айттық. EXPO павильондары базасында ғылыми-инновациялық технопаркін жасайтын боламыз және осындай зертханалар қойғымыз келеді, — деді Үкімет басшысы.