Көл туралы айтылатын аңыз көп. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде сайтандар мен су перілері жиі көрінеді-міс.

Аңыздардың бірінде Шайтанкөлдің жоңғар шапқыншылығы кезінде пайда болғаны айтылады. Қазақ хандары соғысты тоқтату үшін ең сұлу қыздарды жоңғарларға береді. Бірақ бітімгершілік ұзаққа созылмайды. Бірнеше жылдан соң жау ауылдарды қайта тонап, халықты өлтіре бастайды. Қазақтар қарсы шыққанымен күші жетпейді. Сол кезде батырлар Құдайдан өлген адамдардың денесін тасқа айналдырып, халықты жаудан қорғауды сұрайды.

Тілек қабыл болып, мерт болған жауынгерлердің денесі алынбас жартасқа айналып, жоңғарлар қоршауда қалады. Бойын қорқыныш пен үрей билеген ойраттар қаша жөнеледі. Ал өлген балаларының тасқа айналғанын көріп, аналары көз жасын көл етіп жылайды. Шайтанкөл солардың көз жасынан пайда болған деседі.

Шайтанкөлге қатысты тұрғындар тағы бір аңызды айтады. Қаратай дейтін байдың қызы Алтыншаш пен кедейдің ұлы Алтай бір-бірін жақсы көреді. Бірақ бай қызының бұл ойына қарсы шығып, дәулетті отбасыдан шыққан Арыстан деген жігітке ұзатпақ болады. Хан күйеу жігітпен жасырын жолығып, қыздың қалыңмалын алып, тойды белгілейді. Бұл кезде Алтыншаш пен Алтай көл жағасында кешкі көріністі тамашалап отырады. Күтпеген жерден көл суы қақ жарылып, жағаға су перісі шығады.

Қорықпаңдар, мен осы көлдің иесімін. Сендерді көптен бақылап жүрмін, бір-біріңе лайықсыңдар, бірақ сендерге қауіп төніп тұр. Қиындыққа тап болсаңдар, бірден көлге келіп, суға секіріңдер. Суға кетем деп қорықпаңдар, басқа әлемге барасыңдар және мәңгі бақытты боласыңдар! — дейді көл иесі.

Келесі түні қос ғашық елден қашып кетеді. Бай оны сезіп, дереу оларды ұстауға бұйрық береді. Алтыншаш пен Алтай алыстан салт аттыларды көргенде суға секіріп, ғайып болады. Қаратай екеуінің денесінің су бетіне шығуын үш күн күтеді. Төртінші күні қызының: «Әке, қайғырма. Алтай екеуміз мұнда бақыттымыз!», — деген дауысын естиді. Міне, содан бері адамдар көлге шомылмайтын болған.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!