Алдағы тәуліктерде 35 градус аяз болады

«Қазгидромет» РМК мамандары 20-22 желтоқсан күндері ауа райы қандай болатынын хабарлады.

Мамандардың мәліметінше, алдағы тәуліктерде суық арктикалық фронтпен бірге республиканың солтүстік, орталық және шығыс облыстарының кей жерлерінде қар жауып, бұрқасынмен бірге екпінді жел соғады.

Скандинавияның солтүстік аймақтарында қалыптасқан және осы фронттың артынан жылжыған антициклонның әсерінен жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы төмендейді. Ал Қазақстанның таулы аймақтарында оңтүстік фронтты жүйенің ықпалынан аздаған қар жауып, тұман түседі, көктайғақ болады.

Ауа температурасы республиканың бүкіл аумағында климаттық нормадан төмен болады, солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда түнгі температура 30-35 градусқа дейін төмендейді, бұл осы кезең үшін қалыпты жағдайдан 6-9 градусқа төмен, — делінген мамандардың хабарламасында.