Тележурналистика пәні осы уақытқа дейін Мәскеу мемлекеттік университеті шығарған «Телевизионная журналистика» оқулығымен оқытылып келген екен. Енді қазақ тіліндегі «Тележурналистика» оқу құралы жарыққа шықты. Кітап авторы — әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде 20 жылға жуық уақыт бойы сабақ беріп жүрген оқытушы, баспасөз және электрондық БАҚ кафедрасының доценті Жидегүл Әбдіжәділқызы.
Автордың айтуынша, бұл кітап — заманауи тележурналистиканың теориясына жасалған шолу. Оқулықта бүгінгі телевизияның проблемалары мен перспективалары қарастырылады. Онда Ахмет Байтұрсынұлыдан бастап Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Сауық Жақанова сияқты тұлғалардың, қазіргі кезде тележурналистика өндірісінде жүрген танымал журналистердің және шетелдік мамандардың 100 тұжырымы берілген.
Дауыстың әр діріліне, дыбыстың әр үніне, сұлу сөздің сиқырлығына ғажап мән бере біл! Оған қоса өзіңнің табиғилығыңды таныта біл. Қазақтың шетсіз де шексіз дариядай толқын сөзінің нақышын, бай олқылығын, қорғасындай салмақтылығын, алмас қылыштай алғырлығын кәдеңе жарат. Сауық Жақанова
Журналистика — өзің білмейтін нәрсені өзгеге түсіндіру. Альфред Чарльз Нортклиф
Адам біреуден көріп, үлгі алып барып журналист болады. Неғұрлым үлгіні көп алсаң, соғұрлым жақсы боласың. Үлгі ала білу керек. Бірақ үлгі алу үшін үлгі алатын адамдарды таңдау керек. Қайнар Олжай
Біздің мамандық ең көп сыналатындар санатында. Ол түсінікті де. Өйткені жазғанымыз газет, интернет бетінде көрініп тұрады, теледидардағы сюжетіміз, радиодан сөйлегеніміз естіліп-көрініп тұрады. Көрініп, естіліп, оқып отырған нәрсеңді сынау қашан да оңай. Қанат Әуесбай
Оқулықтың тағы да бір ұтымды тұсы — 200 сөзден тұратын телесөздігі бар. Термин -журналистика теоретиктерін бұрыннан алаңдататын мәселелердің бірі. Оқу құралындағы телесөздіктен үзінді келтірейік:
Телеличность – телетұлға (мысалы, Сағат Әшімбаев)
Телевыпуск – телешығарылым
Телепроизведение – телетуынды
Телеобраз – телевизиялық келбет
Телевизионный оригинальность – телевизиялық түпнұсқалық
Телевизионный достоверность – телевизиялық дәйектілік
Телегеничность – телевизиялық сымбат
«Шапка» – телемұқаба
«Сетка» – телебағдарлама (телебағдарламалардың уақыттық жоспары)
ЗКТ (закадровый текст) – кадр сыртындағы мәтін
Синхрон – телекейіпкерден алынған сұхбат
Стэндап – кадрдегі журналистің сөзі
Рэпэраунд – қосымша мәлімет
Телеспектакль – телеспектакль («Абай», «Еңлік — Кебек»)
Телепостановка – телеқойылым («Қымызхана», «77 күн», т.с.с.)
Научно-популярный тележурнал – ғылыми-көпшілік тележурнал
Ракурс – нысанды әр қырынан түсіру тәсілі
План – экрандағы көріністің масштабы
Кадр – экрандағы бір жалт еткен көрініс
Pекламный ролик – жарнамалық ролик
Феномен телевидения – телевизияның түптамыры
Телевизионная атмосфера – телевизиялық ахуал
Режиссерское решение – режиссерлық шешім
Анкормэн – тележаңалықтар жүргізушісі
Позывные – телебағдарламаның шақыру белгісі
Телелид – телевизиялық жетексөз
Диктор – телемәтіндерді оқитын маман
Подводка – жүргізушінің алғы сөзі
Монтаж – бейнекадрларды өңдеп, құрастыру
ПТС (передвижная телевизионная станция) – ауқымды шараларды немесе бағдарламаларды түсіретін жылжымалы телевизиялық студия
Интершум – бейнематериалдағы дыбыстық көрініс
Летучка – лездеме
Петличка – қашықтықтан пайдалануға болатын шағын микрофон
Титр – спикердің аты-жөні мен лауазымы жазылатын жолақ
Суфлер – диктор немесе тележүргізушінің алдын ала дайындаған мәтінін жүргізіп отыратын құрылғы
Лайф – тоқтаусыз түсірілім жасау (репортаждарда көп қолданылады)
Верстка – жаңалықтар тізбегі
Реер – жасыл фон
Спикер – сұхбат беруші
Тайм-код – бейненің уақыт белгісі
Кодировка – сұхбаттың қажетті бөлігін тайм кодтармен белгілеу
Хронометраж – телеөнім ұзақтығы
Дезинформация – жалған ақпарат
Фактчекинг – ақпараттың дәйектілігін тексеру
Плашка – титрдің мәтіні жазылатын жолақ
Концепция – бағдарламаның сипаттамасы
Кітапта студенттерге теориялық ақпаратпен қатар қазіргі тележурналистиканың өзекті проблемалары да ашып жазылған. Мысалы, қазіргі заманғы ұлттық тележурналистиканың кезек күттірмейтін нақты проблемалары:
- Тележурналистика функцияларының эфирлік жоспарда (сеткада) толыққанды және жан-жақты қарастырылмайтыны;
- Телеарналардың рейтингтік көрсеткішін ұлттық мүдде тұрғысынан айқындайтын мемлекеттік мониторингтің жоқтығы;
- Кадр мәселесі: нақты талаптар қойылған ресми ереже жоқ. Кәсіби деңгейі жоғары, кәсіби деңгейі төмен, қабілетті, қабілетсіз, тағы сол сияқты мамандардың бәрі аралас қабылдана беретіні;
- Эфирге шақырылатын қонақтардың жолы мен жөні қарастырылмағандықтан тележурналистиканың қадірі кетіп беделінің түсетіні;
- Техникалық жарақтандырылу деңгейінің төмендігі;
- Басқа саладан келген мамандарды қайта даярлау курсының жоқтығы (принцип + бизнес);
- Үйлестіру қызметінің өз деңгейінде атқарылмауы;
- Тележүргізушілік тізгінін кім көрінгеннің ұстауына жол берушілік;
- Апталық лездемеде кәсіби сараптама жасайтын арнаулы маманның (телеаудитордың) тағайындалмауы (штаттың бөлінбеуі);
- Тележүргізушілер үшін тікелей эфир жүргізудің кәсіби ережелерінің белгіленіп, нақты кәсіби талаптардың қойылмайтыны;
- Телевизиядағы сөз сөйлеу өнері мектебінің жоқтығы.
Автор кәсіби маман даярлау бағытында арнайы «ашық сабақ күнін» университеттің оқу бағдарламасына енгізуді ұсынады.