Басты бетТанымШыңдар мен...

Шыңдар мен шатқалдарды жалғаған Іле өзені

Іле — Жетісудағы ең ірі өзен. Ол Тянь-Шань тауының Қытай аумағындағы шыңдарынан бастау алып, Алматы облысының аумағын бойлай ағады. Өзеннің бойымен Ұлы Жібек жолы өткен.

Іле атауы моңғолдың «илансу» деген сөзінен шыққан. Ол «жарқыраған» деген мағынаны білдіреді. Өзен жазда лалагүлмен көмкеріліп, айдыны күнмен шағылысып, төңіректің бәрі айна сияқты жарқырап көрінеді.

Өзен шөлді төбелер мен тораңғы-теректің арасымен ағып өтіп, сары қамыс пен бұталы ағаштар өсетін көлге құяды. Өзеннің жалпы ұзындығы — 1 439 шақырым, Қазақстан аумағындағы ұзындығы — 815 шақырым. Бұл Іле өзенінің басым бөлігі елімізде орналасқанын білдіреді. Өзенге Түрген, Талғар, Шарын, Қаскелең, Күрті, Үсек пен Шілік өзендерінің салалары құяды.

Іле өзені
Фото: Досжан Балабекұлы

Іле өзенінің жағасындағы Таңбалы тас шатқалында табиғи жаратылысы керемет, адам жанын рахатқа бөлейтін мекен бар. Мұндағы қойтаста Будда мен Бодхисаттва бейнелері тұр. Жартастың бетінде ежелгі петроглиф пен ерте ортағасырлық жазулар бар. Өзеннің оң жағалауында Алтынемел ұлттық табиғи паркі орналасқан. Іленің жағасында «Көшпенділер» фильмін түсірген кезде салынған декоративті қамал тұр.

Арнасы Қапшағай маңында тарылатын өзен алабы суқойма түзіп, кейіннен тағы да кеңейе бастайды. Сөйтіп Балқашқа құяды. Суының көлемі жағынан Іле өзені Қазақстанда үшінші орын алады. Қарашаның аяғында өзеннің суы қатып, сәуірде қайта ери бастайды. Іледе Қапшағай гидростанциясы орналасқан.

 

Іле өзені
Фото: Досжан Балабекұлы

Іле өзенінде балықшылық жақсы дамыған. Онда сазан, көксерке, ақмарқа, табан балығы көп. Оның ішінде аса сирек кездесетін, салмағы 300 келі болатын жайынды ұстау — әр балықшының арманы. Өзенде Қызыл кітапқа енген ондатр да бар. Өзеннің жағалауынан бірқазан, көкқұтан, аққұйрық, суқұзғын сияқты құстарды кездестіруге болады. Өзен жағасындағы тоғайда қабан мен елік, сонымен бірге жыртқыш аңдар да көп мекендейді. Өткен ғасырдың ортасына дейін өзеннің маңындағы орманда жолбарыстар тіршілік еткен.

***

Тағы оқыңыз:

Хан Тәңірі — көкпен таласқан мәрмәр шың